
Шығыс Қазақстандағы қазақ баспасөзінің қара нары, көрнекті публицист, қарымды қаламгер әрі білікті ұйымдастырушы Жұмаділ Әділбаев 80 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған ол өңірлік медианың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, кешегі – «Коммунизм туы», бүгінгі – «DIDAR» газеттерінде қатардағы корректордан бастап, бас редакторлыққа дейінгі жолдан өткен ардагер қаламгер. Аймақта алғаш медиахолдинг құрып, өңірдің ақпарат кеңістігін жаңа деңгейге көтерді. Журналистиканың Шығыстағы атасы талай жас журналистің қанатын қатайтып, ұлттық журналистиканың абыройын асқақтатты. Жұмаділ Әділбайұлының редакторлық мектебі – кәсібилік, жауапкершілік және шығармашылық еркіндік қағидаттарына негізделген және бүгінгі жас толқын буынға жол нұсқаған бағдаршам іспетті,деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Бүгінгі сексеннің сеңгірінде де мерейтой иесі шығармашылықты өмірінің жалауы етіп, қаламын қолынан еш тастаған емес. 53 жыл үзіліссіз қызмет етіп, зейнет демалысына шыққаннан соң да Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалын ұзақ жылдар жемісті басқарды.
Жұмаділ Әділбаев – Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бір жылдан соң дүниеге келген, тұтас бір дәуірдің куәсі болған тұлға. Ол соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтірудің қиын кезеңін, ғарышты игеру дәуірін, кеңестік жүйенің қызығы мен шығын бір кісідей көріп, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу тарихи сәтін бастан өткерді.
Онымен бірге қызмет атқарған замандас әріптестері Жұмаділ Әділбаевтың әділетсіздікке жол бермей, әріптестерін қорғай білгенін, ұжыммен қарым-қатынасты өзара сенім мен шығармашылық еркіндікке негіздеп отыратынын, өзекті материалдарды қолдаса, ал кемшіліктерге көз жұмбай, талап қоя білгенін ілтипатпен еске алады.
Бас редактор көп журналиске баспана алып берді
– Жұмаділ ағаның іскерлік қасиеті – кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай алатын тапқырлығымен, ойының алғыр, тілінің өткірлігімен, батыл да жедел әрекет ете білетін ұтқырлығымен ұштасып жатады. 1990-шы жылдармен бірге алғашқы нарық қиындықтарының басталғаны да белгілі. Міне, осы тұста, облыстық газеттің қызметкерлері бас редактордың жоғарыдағы алымдылық, шалымдылық қасиеттерінің пайдасын көп көрдік. Жұрттың көбі алты айлап жалақыларын ала алмай жүргенде, біздің жалақымыз бір ай да болсын кешіктіріліп көрген жоқ. Жүкеңнің беделінің арқасында редакциямыз жиі-жиі пәтер алып, облыс орталығында көптеген әріптес жігіттер үй жағдайларын жақсартты. Алдында біраз жыл Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандары бойынша меншікті тілші қызметтерін атқарып, Өскеменге қиындықтар басталар қарсаңында, яғни 1990 жылы ғана келген маған да бір жақсы пәтер тиіп қалды. «Сұңғат, сені тәрбиелейік деп аппаратқа қызметке шақырып отырмыз. Егер дұрыс жұмыс істейтін болсаң, екі жылдың ішінде үй аласың» деді. Сол уәдесінде тұрды. Кесіп сөйлеу, сөзіне сай шешімді әрекет ету – Жұмаділ ағаның ең жақсы қасиеттерінің бірі, – дейді бүгінде Астана қаласында тұратын, есімі елге танымал ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденді қаламгер Сұңғат Әліпбай.
«Сирек кездесетін жан дүниесі таза адам», – деп бағалайды оны қаламдас іні-қарындастары. Ол қарапайымдылығымен, адамдармен үнемі тіл табысып, жасандылықтан аулақ, шынайы қарым-қатынасымен, турашылдығымен ерекшеленген тұлға.
– Бас редакторымыз журналистердің небір жақсы бастамаларын әрдайым қолдады. Мен қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, өзіміздің шығысқазақстандық Жақыпбек Малдыбаев туралы бір шағын деректі ары қарай зерттесем дегенде, ол сөзге келместен, мені Мәскеудегі Совет Армиясының Орталық мұрағатына он күндік іссапарға жіберді. Алғаш рет Риддерде «Жұмысшы» деген атпен шыққан газетіміздің тұңғыш редакторы, 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен Алматыдағы НКВД түрмесінде атылып кеткен Мақсұт Тайшыбаев туралы деректер жинай бастағанда бағыт сілтеп, ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Ол туралы материалдар кітап болып жарық көрген соң, М.Тайшыбаевтың атына Риддер қаласынан бір көшенің берілуіне атсалысып, ашылу салтанатына Алматыдан тұңғыш редактордың қызы мен немерелерін шақыртты. Қолдауға сүйеніп «DIDAR» газетінің тарихынан ғылыми диссертация жазып, филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғадым. «Қажетті материалдар бар, тағы да қосымша жәдігерлер жинап, газет мұражайын ашсақ қалай болады?» деген ұсынысқа да үлкен қолдау білдірді, – деп сол кезді еске алады газеттің ардагер редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Айтмұханбет Қасымов.
Жұмаділ Әділбайұлы басқарған облыстық басылым 2006 жылы ҚР Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығына ие болғанда, редактордың өзі көрнекті қазақстандық журналист әрі жазушы Геннадий Толмачев атындағы сыйлықпен марапатталды. «DIDAR» газетінің әр жылдары республиканың өңірлік басылымдары арасында үздік шығып, Президент грантын жеңіп алуы, неше мәрте республикалық ұжымдық конкурстарда бас бәйгелерді еншілеуі, ең алдымен бас редактордың ерен еңбегі екендігі сөзсіз.
– Жұмаділ ағаның арқасында мен классикалық журналистиканың басты қағидаттарымен тәрбиелендім – эксклюзивтілік, жеделдік және объективтілік, тақырыпқа терең үңілу, оқырман алдындағы жауапкершілік, сөзге деген құрмет. Шын мәнінде, бұл қағидаттар – әр кәсіби маман үшін ар-намыс кодексі. Журналистік жолдың ең басында нағыз кәсіби мамандарды кездестіріп, олардың өмірімде жоғары стандарттар қалыптастыруы – мен үшін үлкен олжа болды. Медиа саласының өкілі ретінде өз атымнан қосарым – дәл осы Жұмаділ аға кеңестік дәуірде «Красный Восток» атанған Шығыс аймақта кәсіби журналистиканы, оның ішінде қазақ тілді журналистиканы сақтап қана қоймай, оны одан әрі кәсіби тұрғыда дамытқан бірегей тұлға, – дейді құттықтау лебізінде облыстық «Рудный Алтай» газетінде 1995-2002 жылдар аралығында редактордың орынбасары қызметін атқарған, жерлесіміз, дарынды журналист Мира Алипинова.
Жұмаділ Әділбаев өңірдің журналистика тарихында алғашқы болып 2008 жылдың желтоқсан айында «Шығыс ақпарат» медиахолдингін құрған азамат. Ақпараттық орталықтың облыстың ең ірі басылымдары – «DIDAR» мен «Рудный Алтай» газеттері, баспахана, артынан аудандық басылымдар біріктірілді. Артынша аймақтық радио да іске қосылды.
– Қазақ баспасөзінің ардагері әрі қайраткері Жұмаділ аға «Коммунизм туы» газетінде корректордан бастап, бас редакторлыққа дейінгі шығармашылық жолдан өткен талантты ағаларымыздың бірі. Мен Жүкеңді баспасөздің білікті ұйымдастырушысы деп бағалаймын. Ол кезде газет күн сайын үлкен форматта жарық көретін, таралымы да жоғары, беделі де зор еді. Газеттің әрбір сөзін оқырман сүйсіне оқитын, ал құзырлы органдар жарияланған материалдарға ерекше мән беретін. Сын айтылса, жауап беріп, кемшіліктерді түзетуге тырысатын. Бұл – газеттің дәуірлеп тұрған кезеңі еді. Ол кісі ұжымдағы әр қызметкердің қарым-қабілетін, жауапкершілігін, қолынан қандай іс келетінін дәл басып білетін. Соған орай бағыт-бағдар беріп, қай тақырыпты көтеру керектігін нақты айтып отыратын. Сондықтан мен Жүкеңді ерекше құрметтеймін. Журналист ретінде қалыптасуыма, редакцияда бас редакторға дейінгі әр белестен өтуіме ықпалы зор болды, – дейді «DIDAR» газетін он жылдан аса басқарған қаламгер Уәлихан Тоқпатаев.
Жас тілшілердің талабын ұштап, қанатын қатайтты
Еңбек жолында Жұмаділ Әділбаев көптеген жас талантты журналистерді тәрбиелеп, олардың әрдайым қоғамның өзекті мәселелерінің алдыңғы шебінде жүруіне ықпал етті. Ел тәуелсіздігі, қазақ тілі, мәдениеті мен өнерінің дамуы жолындағы күресте олардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, өзқолтаңбасын табуына көмектесті.
– 2001 жылдың қаңтарында Шығыс өңірінің қарашаңырағы, Жұмаділ аға басқаратын «DIDAR» газетіне жұмысқа орналастым. Сол кезеңде бас редактордың берген тұңғыш тапсырмасы әлі күнге дейін жадымда. Жұмаділ Әділбаев – газетте жарияланатын әр материалдың сапасына жіті мән беріп, редакция жұмысының барлық қырын шебер үйлестіре білген білікті де, әділ басшы болды. Сол жылдары редакцияда Ғалым Байбатыров, Уәлихан Тоқпатаев, Айтмұхамбет Қасымов, Ғафура Сәрсенбайқызы, Ғалия Омарханова, Бекәділ Сәдібеков, Әлімжан Қадылбеков сынды тәжірибелі журналистер еңбек етті. Біз сол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, кәсіби тұрғыда қалыптастық. Содан бері де 25 жыл зымырап өте шығыпты. Жұмаділ ағаның өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі орасан. «DIDAR» – талай жастың жазу шеберлігін шыңдаған, өңірлік журналистиканың шеберханасына айналған үлкен мектеп, – дейді бүгінде 95 жылдық тарихы бар облыстық газетке басшылық жасап отырған контент-редактор Айжанат Бақытқызы.
Жұмаділ аға бүгінгі биігіне өңірдегі партиялық басшылық қызметтегі, журналистикадағы шығармашылық, аудармашылық және қоғамдық қызмет салаларындағы мол өмірлік тәжірибесімен, үлкен шығармашылық қорымен келіп отыр.
– Газеттің басты міндеті – қоғамдық пікір қалыптастыру деп санаймын. Сондықтан журналистерге әрдайым үлкен жауапкершілік жүктеледі. Журналистика – ол қайраткерлік мамандық. Қазіргі біздің ізімізді жалғаған жас ұжымның осы ұстанымды жоғары деңгейде лайықты жалғастырып келе жатқаны мені қуантады, – дейді мерейтой иесі.
Ол қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкеймен осы редакцияда жас кезінен достық қарым-қатынаста болып, Шығыс Қазақстанды бірге аралап, шығармашылықта біте қайнасқан жан. Достыққа адалдықтың белгісі ретінде талантты жерлесіміз өмірден өткеннен соң, көп жылдардан кейін 2013 жылы оның жарқын бейнесін әйгілеген «Кербұғы» деректі киноэссесін жасауға атсалысты. Бұл кинотуынды ұлттық кино өнерінің алтын қорына енгізілді. Ал қаламгер «Зерттеу жұмысы» номинациясында ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Сонымен қатар жерлестеріміз – айтулы жазушы Әзілхан Нұршайықов пен даңқты партизан Қасым Қайсеновке көздері тірісінде де, кейін өмірден өткен соң да рухтарына айрықша құрмет көрсетуі нағыз азаматқа тән қасиет.
Атаққұмарлыққа қаны қас
Мерейтойлық мақаланы әзірлеу барысында көкейімізде жүрген сауалдарымызды қысқа да нұсқа ағаның өзіне қойған болатынбыз.
– Ұстаздарыңыздан кімдерді атар едіңіз?
– Ең басты ұстазым – өмір. Қанатымды қатайтуға әсер еткен ағаларым – Мұқан Әбуғалиев, Ғаббас Қабышұлы, Жүніс Ыбыраев, Рысбек Мырзашев, Геннадий Бердюгин.
– Партиялық қызмет кезеңінде ел арасында жүрген жастардың өсуіне ықпал ете алдыңыз ба?
– Ол басты міндеттердің бірі еді ғой. Мен ұсынған жігіттердің арасынан Өскемен қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына, аудандық партия комитетінің хатшылығына, обкомпарттың жауапты қызметіне тағайындалған азаматтар бар. Олардың ешқайсысы ұятқа қалдырған жоқ.
– Достық туралы ойыңыз?
– Достық – өте нәзік ұғым. Оның алғышарты – адалдық, әділдік. Біраз дос болған сияқты еді. Адам аласы ішінде ғой, сатып кеткендер де болды. Солардың кейбіреуі бүгінге дейін жалпылдап, амандасып жатады. "Ей, бишара-ай" дейсің де қоясың ішіңнен. Бүгінгі аға – достарым Ережеп Мәмбетқазиев, Амантай Бакин, Тияс Түсіпов, Марат Әкрамов, Алдияр Әубәкіров, Рысбек Қасеновтар.
– Елді сағынатын шығарсыз?
– Сағынғанда қандай! Бірқатар шетелдерде болдым, бірақ біздің Шығысқа жетері жоқ. Елімізден шыққан, ақыл-ойдың кеніші ағаларым – Бошай Кітапбаев, Төлеухан Қоғабаев, Базатай Қайырбеков, Оралбек Малдыбаев, Мұхамет Шаяхметов, Әубәкір Байбатшин асыл жандар еді ғой. Кейде оларды кезінде жүре тыңдағаныма өкінемін.
– Сіз 53 жыл үздіксіз еңбек еткеніңізбен бірде-бір орден-медаль алмағаныңыз қалай?
– Бұрынғы заманды айтпағанда, Тәуелсіздік кезеңіндегі он бір әкімнің тұсында орден, атақ сұрап ешқайсының алдына барған емеспін. Тек 31 жасымда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын (ол кездегі ең жоғары марапат), 61 жасымда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын» алыппын. Жалпы атаққұмарлыққа қаным қас.
Міне, ағаның болмысы осындай және мұндай адамдарды бүгінгі атақ, даңқ қуалаған мадақшыл қоғамнан кездестіру де қиынның қиыны.
Өмірлік және кәсіби тәжірибесі, ісіне деген адалдығы, журналистік дарынының бірегейлігі, білімінің тереңдігі және қарапайым адами қасиеттері – барлығы да бүгінде зор құрмет пен шынайы ризашылыққа әбден лайық.
«ALTAI-NEWS» медиа-орталығының ұжымы қазіргі уақытта Астана қаласында тұратын Жұмаділ Әділбайұлына зор денсаулық, амандық, шығармашылық шалқар шабыт тілей отырып, «Қаламыңыз мұқалмасын, үйдегі өмірлік тылыңыз, мектеп қабырғасынан бері қол ұстасып бірге келе жатқан Әсия Төлахметқызымен бірге немере-шөберелер ортасында әлі де талай жыл бедерінде журналистиканың ардақты атасы бола беріңіз», – деген ізгі тілектестік білдіреді.
Қысқа-нұсқа:
ЖҰМАДІЛ ӘДІЛБАЕВ
1946 жылы 22-сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Манат ауылында туған.
Еңбек жолын 1964 жылы «Коммунизм туы» газетінде корректорлықтан бастап әдеби қызметкер, бөлім бастығы болып, 1978 жылға дейін істеді.
1972 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін, 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді.
1978-1983 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1983-1985 жылдары облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакторы, 1985-1990 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.
1990-2009 жылдар аралығында облыстық «DIDAR» газетінің бас редакторы болды. 2009 жылы жаңадан өзі негізін қалаған «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингін басқарды.
Ұзақ жылдар Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы болды. 2007 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.
Қазақстан Журналистер одағының 50 жылдығына орай, 2009 жылы «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды.
1983-1985, 1990-2009 жылдары облыстық «DIDAR» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, зейнеткерліке шықты.
Дәурен Аллабергенұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Фото: Жұмаділ Әділбайұлының отбасылық мұрағаты