Бәрінен де сен сұлу: Өскемен әсемдік пен әдеміліктің құшағына бөленді

Жаңалықтар / Мәдениет / Қоғам 8-03-2026, 16:30 1 0

Аймақтың әр өңірінде еселі еңбек етіп, қоғам дамуына қомақты үлес қосып жүрген, айналаға көктем шуағындай жылылық пен мейірім нұрын төккен, күндей шуақты, айдай ажарлы, гүлдей көркем, ардақты аналар мен аяулы арулар, қырмызы қарындастар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында облыс орталығында бас қосты, деп хабарлайды деп хабарлайды Ilove-ulan.kz  тілшісі.

Шырайлы шаһар Өскеменді әсемдік пен әдеміліктің құшағына бөлеген сырғалыларды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сахна төрінен құттықтап, тіршіліктің тірегі, шаңырақтың шырағы, тәрбиенің шырайы мен өмірдің мәні – Әйел екенін ерекше атап көрсетті.


 

– Әйел бойындағы қажыр мен қайрат, шапағат пен шарапат, қайсарлық пен батылдық – адамзатқа әркез қуат беріп, ұлы істерге бастайды! Бүгінгі салтанатты жиын еліміздің болашағы үшін маңызды тарихи кезеңде өтіп отыр. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Санаулы күндерден соң барша қазақстандықтар, өздерінің жаңа Ата заңға қатысты тағдыршешті таңдауын жасайды. Бұл – мемлекетіміздің одан әрі дамуы мен әділетті қоғам құру жолындағы жауапты қадам. Осындай аса жауапты сәттерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағы айқын көрініс табады. Біз – анасын ардақтап, аруын аялайтын, қарындасын қорғап, қызын қадірлейтін ұлттың өкіліміз. Өз басым, қыз баланы – инабаттылықтың символына балап, жоғары бағалаймын! «Алып анадан туады», дейді дана халқымыз. Біздің аналарымыз – ұлттық тәрбие мен салт-сананың, дәстүр мен ғұрыптың тұнып тұрған қазынасы!, – деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.


 

Сондай-ақ аймақ әкімі бүгінде әйелдер қауымы қоғамның барлық саласында белсенді де, абыройлы екенін, Тәуелсіз Қазақстанның және облыстың дамуына зор үлес қосып келе жатқандығына тоқталды.


– Барлық заманда әйелдер ер-азаматтармен қатар ел тағдырына ортақ жауапкершілік жүгін көтеріп келді. Олардың еңбек, шығармашылық және ерлікке толы жетістіктері Қазақстан тарихына мәңгілікке алтын әріптермен жазылды. Бүгінде сіздердің алдарыңызда жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр: отбасы институтын қолдау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Біз түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдерді – дәрігерлерді, мұғалімдерді, мәдениет, ғылым және спорт қайраткерлерін, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлерді, көпбалалы аналарды, еріктілер мен қоғам белсенділерін мақтан тұтамыз. Сіздер өздеріңіздің жанқиярлықтарыңызбен, жауапкершіліктеріңізбен және парасат-пайымдарыңызбен қоғамдық келісімді нығайтып, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етіп келесіздер, – деді облыс әкімі.


 

Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, халықты әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығы, бизнес, спорт, құқық қорғау органдары мен әскери салада қызмет етіп жүрген әйелдерге ерекше алғыс білдірілді.


– Сіздердің еңбектеріңіз тек кәсіби шеберлікті ғана емес, үлкен жүректі, төзімділікті және адалдықты талап етеді. Әрине, бүгін біз өмір сыйлайтын, ұрпақ өсіріп, тәрбиелейтін қасиетті Ана бейнесін ерекше құрметпен дәріптейміз. Ана мен баланы қорғау әрдайым мемлекеттің ең маңызды басымдықтарының бірі болып келді және солай болып қала береді. Әрқашан, көктемдей күлімдеп, жаздай жадырап, гүлдей құлпырып жүре беріңіздер, қымбатты ханымдар! Шуағын шашқан шұғылалы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Мерекелеріңізбен, ардақты аналар, аяулы арулар! Өмірде – әйел жаққан шырақ сөнбесін!, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.


Мерекелік шарада барысында өңірдегі көпбалалы аналар мен мемлекеттік қызмет саласындағы аруларымыз да марапатталды. Олардың қатарында зайсандық көпбалалы аналар Күлизә Орынғазы және Алтынай Қылқабаева бар. Қос ана да бұл кешке облыс әкімі қолынан марапат алып, «Алтын алқа» иегерлері атанды.


 

Ал мемлекеттік қызметкер Гүлшат Қорғанбекова «Құрмет» орденімен, кәсіпкер Наталья Воропай және өңірге белгілі дәрігерлерлер Әлия Жігітаева мен Айгүл Күдербаевалар өз мерекелерінде «Ерен еңбегі үшін» медалін кеуделеріне тақты. Облыста мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, бүгінде жас мемқызметшілерге тәлімгерлік етіп жүрген Ольга Кузовлеваның еңбегі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен аталып өтілді.


Мемлекеттік марапат алған әйелдер қауымымен қоса барша сырғалыларды әдемі әнімен құттықтай келген қазақ ән өнерінің саңлағы Нұрлан Өнербаев сахна төріне шыққанда, көпшілік ұзақ қол соға қошемет көрсетті. Атақты әнші бұл кеште ана туралы көпшілікке танымал әндерін шырқап, қатысушыларға естен кетпес үлкен әсер сыйлады.


Сонымен қатар бұл кеште облыстың намысын халықаралық дәрежедегі байрақты спорт бәсекелерінде абыроймен қорғап жүрген спортшы қыздарымызға да ерекше ілтипат көрсетілді, олардың бәріне де әдемі гүл шоқтары салтанатты түрде тапсырылды.


Шығысқазақстандық нәзікжандылардың мерекесіне арналған осынау әдемі де салтанатты кешті жүргізген елімізге белгілі кино және театр әртістері, танымал жұлдыздар Жан Байжанбаев пен Нұрлан Әлімжанов көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, шараның шырайын кіргізді.


– Бүгінгі мереке өте керемет ұйымдастырылған екен. Тамаша әсерге бөлендік. Өзім қызым Айнамкөз Ермұханбетті концертке дайындап әкелген едім. Қызым «Қарақат» студиясының жетігеншілері құрамында өнер көрсетті. Барша аналарымызды халықаралық мерекелерімен құттықтаймын, - деді мерекелік кешке Ұлан ауданы Сағыр ауылынан қатысушысы Жадыра Қызырбекқызы.

Фото:Altainews.kz

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив