
Шығыс Қазақстан – өркениет пен мәдениеттің, этнотуризмнің барлық негізгі бағыттары тоғысқан бірегей өңір. Мұнда экотуризм, тау туризмі, жағажай демалысы, емдік-сауықтыру және мәдени-танымдық туризм қатар дамып келеді. Ірі мәдени іс-шаралар мен халықаралық жобалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, оның имиджін нығайтуға оң ықпал етуде. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Елдегі жетекші партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен көшпелі отырыс барысында аймақтағы мәдени туризмді дамыту, өңірлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында белгіленген мәдениет нысандарын салу және жөндеу жұмыстарының облыстағы іске асырылу барысы талқыланды.
Көшпелі жиынның жұмысын ашып, жүргізген «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай мәдениет – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердегі мәдени нысандарды дамыту мен жаңғырту – елдің тұтас дамуына тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, депутат партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында ел өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына тоқталып, олардың тиімді әрі сапалы орындалуы партияның басты бақылауында екенін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы – мәдени бірегейлігі айқын қалыптасқан, бай тарихи мұрасы мен қайталанбас табиғаты үйлесім тапқан өңір екендігін атап өткен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мұнда ұлттық дәстүрлер сабақтастығы берік сақталып, сонымен қатар заманауи мәдени кеңістік қарқынды дамып келе жатқанын атап көрсетті.
Нұрымбет Аманұлы мұнымен бірге облыстағы театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері халыққа сапалы қызмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап жатқанына да тоқталды.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Жұмағазықызы өңірлік «Miras» кеңесінің атқарған шаруаларын баян етсе, облыстың мәдениет саласына жауапты басшы Самат Берікболұлы 2025 жылы аймақтың мәдени өмірінде атқарылған кешенді шаруаларға жиналғандардың назарын аударды.
Басқарма басшысы айтқандай, халыққа сапалы қызмет көрсету, өңірдің тарихи мұрасын насихаттау, шығармашылық бастамаларды қолдау және мәдени өмірдің қарқынды дамуына серпін беру мақсатында облыс аумағында барлығы 360 мәдениет ұйымы қызмет атқарады. Облыстық мәдениет басқармасының қарамағында 13 ведомстволық ұйым бар.
Мұнымен бірге ұлттық мұраны сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында «Ғасырлық дәстүрлер» республикалық фестивалі, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұлттық тізіміне енгізілген «Беташар» дәстүріне арналған «SHOWMEN FEST – 2025» облыстық фестивалі сәтті өткізілген.
Бүркітшілік өнерін насихаттауға бағытталған «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып, шараға 140-тан астам бүркітші қатысты. Бұл ұлттық саятшылық өнерінің халықаралық деңгейде кеңінен танылуына мүмкіндік берді.
Облыста дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жер – алтын бесігім» жобасы әр ауданның мәдени ерекшеліктерін таныстыруға арналған маңызды алаңға айналып, қала мен ауыл арасындағы мәдени байланысты нығайтты.
Самат Берікболұлының айтуынша, 2026 жылға жыр, терме, күй және айтыс бағыттары бойынша бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарланған. Олардың қатарында халықаралық фестивальдер, республикалық деңгейдегі айтыстар және мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы мәдени жобалар бар.
Соның бір айқын дәлелі – облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Алтайым алтын – бесігім» командалық айтысы. Бүгін өтетін аталған жоба өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиғаның бірі болмақ.
Шығыс Қазақстан облысының айтыскер ақындары Қарағанды облысы айтыскерлерімен өнер бәйгесінде сынға түспек.
Көшпелі кездесуде журналист, «Bizdiң Өskemen» жобасының авторы Дарын Нұрсапар «Қазақ тілі – туризм және интеллектуалды ойындарда» тақырыбында пікір білдірді.
Оның айтуынша, Қазақстан Алтайының топонимикасын жергілікті халық есте жоқ ерте дәуірден келе жатқан атауымен басқаша айтады. Ал күні кеше түртілген карта жазулары басқаша сөйлейді.
Өңірлік кеңес мүшелері, мәдениет, білім және туризм саласының өкілдері қатысқан көшпелі кездесу қорытындысында қатысушылар бірқатар нақты ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, оларды алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететіні айтылды.