Шығыстағы бірқатар азаматтар мемлекеттен марапат алды

Жаңалықтар / Республика 16-04-2026, 10:00 5 0

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 7 сәуірдегі №1221 Жарлығына сәйкес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар шығысқазақстандық азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жоғары марапаттарды облыстық әкімдікте өткен салтанатты жиында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов табыстады.


– Бүгінгі марапат иелерінің жетістігі – кездейсоқтық емес, бұл – жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен табанды еңбектің заңды нәтижесі. Әрқайсысы өз саласында адалдық пен жауапкершілікті ту етіп, кәсіби биіктерді бағындырып келеді. Осындай жандардың арқасында өңіріміздің өркендеуі мен дамуы қамтамасыз етіліп отыр. Шығыс Қазақстан әрдайым қайсар мінезді, еңбекқор, дарынды азаматтарымен ерекшеленген өңір. Бүгінгі марапат иелері – сол дәстүрдің лайықты жалғасы. Олардың еңбегі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді, сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен мәдени дамуға қосқан үлесімен де құнды, – деді аймақ басшысы.


Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі кезеңде технологиялық жаңғыру мен цифрландыру үдерісі қарқын алғанымен, кез келген жетістіктің түп негізінде адам еңбегі, кәсібилік пен жауапкершілік жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, марапат иелері өз істерінің нағыз шеберлері ретінде көпке үлгі бола алады.


– Бұл марапаттар – тек өткен еңбектің бағасы ғана емес, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға берілген тың серпін. Сондықтан да марапат иелерінің  әрқайсысы ел дамуына қосқан үлесін еселей түсіп, жаңа жетістіктерге жетеді деген сенім мол, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.


Аталған Жарлыққа сәйкес, «Парасат» орденімен «Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков марапатталды.


– Мен отыз жыл өмірімді мемлекеттік қызметке арнадым. Зейнетке кеш шықсақ та, бойымызға сіңген мемлекетшілдік қасиет ешқашан жоғалмайды. Бүгінде қызметтен кеткенімізбен, қоғамнан қол үзіп қалған жоқпыз. Әлі де елге пайдамызды тигізейік деген ниетпен қоғамдық бірлестіктерде еңбек етіп жүрміз. Біздің мемлекеттік қызметтегі еңбегімізді бағалап, бұған дейін «Құрмет» орденімен марапаттаған еді. Енді, міне, «Парасат» орденіне ұсынған облыс әкімдігіне және осы Жарлыққа қол қойып, жоғары марапатпен наградтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шексіз ризашылығымды білдіремін. Марапат – әрбір адам үшін оның еңбегінің бағаланғанын сезінетін ерекше сәт. Сондықтан бүгін мен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегімнің еленгеніне шын көңілден қуаныштымын, – деді мемлекеттік қызмет ардагері Түсіпхан Түсіпбеков.


Сондай-ақ «Құрмет» ордені «Ореол Ltd» ЖШС директоры Сергей Коротинге табысталды.


– Мен мемлекет игілігі жолында, кәсіпкерлік саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Бүгінгі марапат мен үшін күтпеген әрі толқулы сәт болды. Президент қолынан марапат алу – үлкен мәртебе. Әрқашан өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қарап, адамдық қасиетті бәрінен биік қоюға тырыстым. Бұл – мені алға жетелейтін басты ұстаным. Кәсіпкерлікпен 1990 жылдан бері айналысып келемін. Осы жылдар ішінде өңіріміздің, қаламыздың, облысымыздың дамуына өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Ең бастысы – ішкі жан дүнием тыныш. Себебі, атқарған еңбегімнің нәтижесін көріп отырмын. Осы жылдарымның босқа өтпегеніне сенімдімін. Ал тұрғындардың алғысын есту – мен үшін ең үлкен марапат, – деді Сергей Викторович.


Мемлекеттік наградалар – ел дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға.


Салтанатты жиында бірқатар азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Өскемен қаласы әкімі Алмат Ақышов, облыстық ішкі саясат басқармасы әкімшілік-қаржылық бөлімінің бас маманы – бас бухгалтері Шалқар Асылханова, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева бар.


– Құрметті әріптестер, бүгінгі марапат құтты болсын! Шынын айтқанда, бұл марапат мен үшін бір жағынан тосын, екінші жағынан – көпжылдық еңбектің заңды нәтижесі. Қырық жылға жуық уақыт бойы елімізге, мемлекетімізге, туған ауданыма адал қызмет етіп келемін. Жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жеріме оралған сәттен бастап, халыққа қызмет етуді өзіме басты міндет санадым. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел еңсесін тіктеп, мемлекеттік саясатты қолдап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек еттік. Қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға бар күшімізді салдық. Осы орайда, өңір басшысы Нұрымбет Аманұлына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл тек менің ғана емес, бүгін марапат алған барлық әріптестерімнің атынан айтылған ризашылық деп қабылдаңыздар. Сіздердің еңбекті бағалап, осындай жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынуларыңыз – біз үшін үлкен құрмет әрі сенім. Әрине, мұндай марапат жауапкершілікті еселей түседі. Бұл – тоқмейілсуге емес, керісінше, алдағы уақытта одан да ауқымды істерге ұмтылуға жетелейтін үлкен серпін. Біз осы жетістікпен шектеліп қалмай, ел игілігі жолындағы еңбегімізді жалғастыра береміз, – деді Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбайқызы.


Сонымен қатар бұл жоғары марапатқа облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов және бұқаралық ақпарат саласындағы әріптестеріміз – өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Қарлығаш Қасымова, «Қазақстан» РТРК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Берік Көшербаев та лайық деп танылды.


– Расымен де, бүгін мен үшін өте маңызды әрі қуанышты күн. Бұл – менің алғашқы мемлекеттік наградам. Журналистика саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Студент кезімде еңбек жолымды бастап, бүгінге дейін осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Бұл марапат – мен үшін үлкен қуаныш. Ең алдымен, әрдайым қасымнан табылып, қолдау көрсеткен отбасымның, өмірлік серігім Зәуре Елдартқызының да еңбегі деп білемін. Сонымен қатар, бұл – «Altai» телеарнасы ұжымының ортақ жетістігі. Біз әрдайым бірлесе еңбек етіп, осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Бұл марапат біздің жауапкершілігімізді одан әрі арттырып, алға қойған мақсаттарымызға жетуге жігер береді. Алда да осы сенімге лайық болу үшін еселеп еңбек етеміз, – деді Берік Көшербаев.


Осы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар қатарында Алтай ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Инна Коломиец пен Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова да бар.


– Мен Алтай ауданының ішкі саясат бөлімінде бас маманмын. Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілім – отыз жылдан асады. Өз жұмысымды өте жақсы көремін. Себебі, бұл салада әр күніміз бір-біріне ұқсамайды, әрдайым өзгеріске толы, көпқырлы. Ең бастысы – атқарған еңбегіміздің нәтижесін көру, соған ұмтылу. Біз әрдайым аудан тұрғындарының игілігі үшін еңбек етуге тырысамыз. Біздің жұмысымыз – халықтың әл-ауқатын арттыруға, Алтай ауданының көркеюіне бағытталған, – дейді Инна Коломиец.


Өз кезегінде марапат иелері мемлекет тарапынан көрсетілген жоғары құрметке ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғыстарын айтты.


Бұл – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген зор сенім мен қолдаудың айқын көрінісі.


Фото: Махаббат Ахметжанова, Altainews.kz

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив