
Облыс орталығында Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында алғаш рет SHYGYS САХНА FEST – I-ші театрішілік фестивалі ұйымдастырылды деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Ақпан айының 19-23 аралығын қамтыған мәдени жоба аймақтық театр тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасына айналып, бір шығармашылық кеңістікте төрт театр труппасын қатар біріктірді.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, фестивальдің басты мақсаты – театр ұжымдарының шығармашылық әлеуетін ашу, сахналық ізденістер мен көркемдік эксперименттерге жол ашу, кәсіби диалог пен тәжірибе алмасуды дамыту.
– SHYGYS САХНА FEST – жанрлар мен стильдердің, идеялар мен көзқарастардың тоғысқан алаңы болды. Мұндағы қазақ, орыс, оперетта және жастар труппалары өз табиғатына сай көрермен назарына өзіндік сахналық тілін, актерлік шеберлігін және режиссёрлік көзқарасын ұсынды. Фестиваль бағдарламасы аясында түрлі жанрдағы қойылымдар көрсетіліп, театр өнерінің көпқырлы болмысы айқын көрініс тапты. Барлығы 14 аталым бойынша үздіктер анықталды, – деді облыстық Мәдениет басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ләззат Жұмашева.
Фестиваль аясында театрлық қойылымдарды арнайы шақырылған кәсіби театр сыншылары бағалап, сараптамалық пікірлерін білдірді.
Атап айтқанда, фестивальге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұстаздары, республикаға танымал театртанушылар Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова және Айжан Ахмет қатысты. Олардың кәсіби бағасы труппалардағы шығармашылық үдерісті терең талдауға және театр ұжымдары үшін маңызды тәжірибелік бағыт-бағдарды айқындауға мүмкіндік бернегі анық.
– Мұндай фестивальдер көрерменге театрды ішінен тануға, сахна артындағы шығармашылық аураны сезінуге және театр мен көрермен арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады. Оның үстіне Өскемен театрында төрт бірдей театрдың бірге орналасуы шығармашылық деңгейді көтеруге үлкен мүмкіндік. Мұнда актерлердің, режиссерлердің, жалпы ұжымның шығармашылық еңбегі бағаланады. Бұл біз үшін де жаңалық болды. Қолдау білдірген облыстық театрдың, облыстық мәдениет басқармасының басшыларына алғыс білдіреміз, – деді театртанушы, өнертану кандидаты, халықаралық театр жобаларының сарапшысы, кәсіби сыншы Анар Еркебай.
Фестиваль шымылдығы облыс орталығындағы Т.Тоқтаров көшесі, 47а мекенжайында орналасқан бұрынғы театр ғимаратында Н.Серікпаевтың режиссерлігімен сахналанған Б.Андерссон мен Б.Ульвеустің «Mamma mia» музыкалық спектаклімен ашылды.
Төрт күнге созылған мәдени шараға өңірдегі барша театр сүйер қауым, мәдениет және өнер өкілдері шақырылды.
23 ақпанда I театрішілік фестиваль өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Сонымен «Үміт» номинациясында – Юлия Юрочкина, Тимур Тұраров, Айым Бегмат, Михаил Ивановтардың есімдері аталса, шығармашылық қауым ішінде «Үздік жарықпен көркемдеуші» Анатолий Коблов, «Үздік костюм суретшісі» Қарлығаш Дәуітбекова, «Үздік сценограф» Евгения Макаревич, «Үздік музыкалық көркемдеу» бойынша «Mamma mia!» қойылымы үшін Оперетта театрының оркестрі танылды.
Ал актерлер арасында «Эпизодтық рөлдегі үздік актриса» ретінде Майра Арғынбекова, «Эпизодтық рөлдегі үздік актер» Қанат Саматов, «Екінші пландағы үздік актриса» Дина Епимахова, «Екінші пландағы үздік актер» Қанат Ниязбеков, «Бейне жасаудағы кәсібилігі үшін» Ақжол Сақанов, «Үздік актриса» Аяулым Тұрысбекова және «Үздік актер» ретінде Жантай Тұрысбеков дараланды.
Енді бас жүлделерге келсек, «Үздік режиссёр» аталымында Абай Дәулетұлы («Ауылдағы оқиға») лайық деп танылса, «Үздік актерлік ансамбль» аталымында «Ауылдағы оқиға» спектаклі ерекшеленді, «Үздік қойылым» номинациясында «Шынарым менің, шырайлым менің» (реж. Асыл Қозықанов) қойылымы топ жарды.
SHYGYS САХНА FEST – Шығыстағы театр өнерінің дамуына тың серпін берген, шығармашылық батылдық пен жаңашыл ойды дәріптеген мәні зор мәдени шара болды. Сонымен қатар келер жылы да дәстүрлі түрде жалғасын табады.
Фото: ШҚ облыстық драма және оперетта театры