Қайсар мінездің, қарымды қаламның иесі – Ғафура Сәрсенбайқызы – 70 жаста

Жаңалықтар / Мәдениет 8-04-2026, 11:00 1 0

Биылғы сәуірде Шығыс Қазақстан өңірінің журналистикасында айшықты қолтаңбасы қалыптасқан, облыстық «DIDAR» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде табан аудармай қырық жыл қызмет еткен қарымды қаламгер Ғафура Сәрсенбайқызы 70 жасқа толды. Бұл – тек бір адамның мерейтойы ғана емес, қазақ баспасөзінің тұтастай бір кезеңіне куә болған қызықты да тағдырлы өмір жолының мерейлі белесі.Қаламгер әрі қоғам қайраткері Тәуелсіз Қазақстандағы әйел журналистер буынының көрнекті өкілі ретінде танылып, ұлттық БАҚ арқылы ел руханиаты мен мәдениетін дамытуға еселі үлес қосқан тұлға деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Ғафура Сәрсенбайқызы 1956 жылдың осы сәуір айында Ұлан ауданында дүниеге келді. Болашақ журналистің еңбек жолы да ерте басталды. Ол мектеп бітірісімен редакция табалдырығын 1974 жылы аттап, ғұмырының қырық жылын осы қасиетті қара шаңыраққа арнады. Қатардағы тілшіліктен бастап, аға тілші, бірнеше бөлімдерге жетекшілік етуі, бас басылымның кәсіподақ ұйымын ұзақ жылдар басқаруы, 2014 жылы абыроймен зейнет жасына шықса да, күні бүгінге дейін қолынан қаламын тастамай келе жатқаны – оның еңбекқорлығы мен табандылығының, кәсібіне деген адалдығының айқын дәлелі.


 

Редакцияға өзінен бұрын өлеңдері жетті

 

Мерейтой иесінің шығармашылық жолы журналистикадан бұрын поэзиядан басталды. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ өз қиялы мен сезімін өлеңмен өрнектеп, «Коммунизм туы» редакциясына жолдап тұрды. Жас талаптың тырнақалды туындылары сол кездегі газет бетінде жарық көріп, көпшіліктің ықыласына бөленді.


Жас ақынның өлеңдері ұжым ішінде де ерекше назар аудартты. Сол кездегі Шығысқа белгілі қаламгерлер – Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев сынды ағалары оның болашағынан үлкен үміт күтті.


 

– Сол кездегі өлеңдері керемет болды, жақсы әсер етті. Коллективтің ақындары – Серік аға бар, Мүсілім аға бар, Тұрғазы аға бар – бәрі «мынау қандай бала екен, қай жердікі екен?» деп қызығып, елең етті. Сөйтіп, ол бірден көзге түсті. Артынан үзбей өлеңдерін жіберіп, олар жарияланып тұрды. Біраздан кейін мектепті бітіріп, 1974 жылы жұмысқа орналасты. Арада біраз жылдар өткенде, республикалық баспадан «Бес қоңырау» деген атпен талантты жас ақындардың топтамасы шықты. Бес бірдей ақынның жинағы. Соған бір топ өлеңдерімен тағы да жарқ ете түсті. Сөйтіп, бәрімізді қуантты, – дейді бүгінде өзі де сексенді алқымдап қалған әріптес әрі жерлес әпкесі, «DIDAR» ардагері Ғалия Омарханова.


Ғалия Қасымқызы өзі атап өткендей, осылайша, Ғафура Сәрсенбайқызымен редакцияның ішкі-сыртқы жұмыстарында қоян-қолтық араласып, қанаттасып, қырық жылдың көлемінде бірге еңбек етеді.


– Мен оны тәжірибелі, майталман журналист ретінде ғана емес, адами қасиеттерін де жоғары бағалаймын. Журналистік қырларын бірге жүрген әріптестер өздерің жақсы білесіңдер. Адамға жақсылық жасауда, қамқорлық танытуда бауырмалдығы ерекше. Үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсету секілді қасиеттер Ғафураның бойында бар.Өзім ғана білсем демейді, өзгелер де білсе екен деп, білгенін таратып, айтып жүреді. Редакцияға оның қаламгерлік жолы ең бірінші ақындықтан басталды. Егер ақындықты ары қарай тереңдетіп қуғанда, Ғафурадан мықты ақын шығар еді. Әттең, газет жұмысымен жүріп, ақындығы көрінбей қалды. Өлеңдері өте тамаша. Сол кездің өзінде күрделі ұйқасқа барды. Фаризаға еліктеді ме, білмеймін, бірақ ұйқастары өте күрделі болды, ал ондай өлең оңай құрастырылмайды ғой. Өзімен қатарлас адамдарға да, үлкендерге де жақсы серік, ақылшы, қамқоршы бола білді. Мен Ғафураны өзімнің тілекшім, ниеттесім деп білемін,– дейді Ғалия Қасымқызы.


Замандас әріптері мерейтой иесінің өлеңдері терең ойымен, күрделі ұйқасымен, нәзік лирикасымен ерекшеленгенін, өлеңдерінің «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес қоңырау» жинағына енгені – оның ақындық қабілетінің жоғары бағаланғанының айғағы екенін айтады.


– Поэзияға деген талпынысы зор болғанымен, ол өмір жолын журналистикамен тығыз байланыстырып, қаламын қырық жыл бойы қоғамдық мәселелерді көтеруге арнады. Дегенмен, оның ақындық болмысы жазған әр мақаласынан сезіліп тұрды, – дейді әріптестері.


 

Журналистикадағы жарқын жылдар

 

Ғафура Сәрсенбайқызы редакциядағы ондаған жыл журналистік қызметінде тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен де ерекшеленді. Ол редакцияның ішкі-сыртқы жұмыстарына белсене араласып, аға буынмен де, кейінгі толқын әріптестерімен де иық тіресе еңбек етті. Бір ұжымда қырық жыл үздіксіз қызмет ету – сирек кездесетін жайт. Бұл оның кәсіби мамандығына тұрақтылығы мен ұжымға деген адалдығын көрсетсе керек.


 

Әріптестері оны майталман журналист, сөздің майын тамызатын шебер қаламгер, дарынды ақын ретінде бағалайды. Оның қаламынан туған  сан жылдың бедеріндегі өзекті мақалалары, салиқалы сұхбаттары, эсселері мен көлемді очерктері мазмұн тереңдігімен, тіл көркемдігімен ерекшеленді. Соның ішінде белгілі сазгер туралы жазылған «Ғұмыр» атты эссесі мен  жерлес жазушы Оралхан Бөкей өмірінің соңғы күндерінен жазған әсерлі жазбасы оқырман жүрегінен жылы орын алды.


– Мен «DIDAR» газетіне 1977 жылы келгенде, Ғафура бұл ұжымда үш жылдай еңбек етіп қойған екен. Ол кісі 1974 жылы келіпті. Содан бері бір ұжымда бірге жұмыс істедік. Ғафура – көпшіл, ортасына ұйытқы бола білетін адам. Мінезі тура, ойын бүкпей айтатын, әділ, ер мінезді, батыл, өжет жан. Кейбіреулер оның алдында артық сөз айтып қоям ба деп именіп жүретін. Сонымен қатар, Ғафура өте жақсы әнші, музыкаға бейімі зор. Қазіргі түрлі музыкалық жобаларда сахнаға шығып жүрген кейбір орындаушылардан оның дауысы да, ән айту шеберлігі де әлдеқайда жоғары дер едім. Дауысы ашық, сөзі анық, диапазоны кең. Әсіресе, халық әндерін ерекше нақышпен орындайды. Әсіресе, жұртшылық оның орындауындағы «Сары бидай» әнін арнайы сұрап, орындатып жатады, – дейді облыстық газеттің ардагер редакторларының бірі, жазушы-ғалым Айтмұханбет Қасымов.


Ардагер қаламгер айтқандай, бірде Алматыда өткен курсқа республиканың әр өңірінен келген журналистер жиналады. Сол жерде әрқайсысы өнер көрсеткенде, Ғафура апайымыз халық әні «Сары бидайды» нақышына келтіре шырқап, көпшілікті тәнті етеді. Тіпті, кейін сол журналистер бас қосқан сайын, Шығыстағы қаламгер-әншіден осы әнді орындауды өтініп сұрайтын болған екен.


Тәуелсіздік алып, заман өзгерген егемендіктің алғашқы жылдарында Ғафура Сәрсенбайқызы газеттің әлеуметтік тақырыптарды тұрақы әрі жиі қаузайтын, оқырманмен тікелей қарым-қатынас орнатқан, оқырман хаты дегеніңіз күнделікті жауған қардай түсіп жататын мәдениет, әлеумет, руханият секілді бөлімдерін үлкен жауапкершілікпен басқарды. Шығармашылықтың жарқын да даңғыл, кемеліне толысқан шағы болды бұл жылдар.


Елуді еңсеріп, алпысқа қарай бет түзеген жылдары Ғафура Сәрсенбайқызы біраз жыл меншікті тілшілер бөлімін басқарды. Ол кезде «DIDAR» газеті аптасына үш мәрте шығып тұратын, оның бірі – қалың «DIDAR» (толстушка), таралымы да көп. Әр ауданда, атап айтсақ, Тарбағатай, Үржар, Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Самар, Аягөз, Жарма аудандарында және Семей қаласында тілшілер қосыны жұмыс істеді. Газет күнделікті шығып тұрғандықтан, материалдардың басым бөлігі осы аймақтағы тілшілерден келетін. Сондықтан редакцияда нақты тәртіп болатын – бөлімдер тілшілерге тапсырманы тікелей емес, тек Ғафура Сәрсенбайқызы арқылы жеткізетін. Ол осы жұмыстың бәрін үйлестіріп, жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Тілшілермен де, бөлімдермен де тіл табысып, тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етті. Ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы мен жауапкершілігі оны білікті басшы ретінде жақсы қырынан танытты.


 

Жас тілшілерге қолдау көрсетті

 

Ғафура Сәрсенбайқызы – тек журналист қана емес, көптеген жас мамандардың ұстазы. Ол өз білгенін жасырып қалмай, кейінгі буынға үйретуден жалықпады. Жас тілшілердің алғашқы қадамдарын қолдап, олардың шығармаларына бағыт-бағдар беріп отырды. Қалам иесінің  «осыны оқыңдар, мынаны біліңдер» деп үнемі ізденіске шақырып отыруы – нағыз ұстазға тән қасиет. Сондықтан жастардың оған үйір болуы да тегін емес. Ол әрдайым ақыл-кеңесін аямай, олардың кәсіби қалыптасуына үлес қосты.


 

Ұжым ішінде де оның беделі жоғары болды. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету – оның болмысына тән қасиеттер. Әріптестері үшін ол тек қызметтес емес, сенімді дос, ақылшы, тілекші жан болды. Ол әрдайым шындықты ту етіп, журналистік принциптерінен айныған емес. Сондықтан да әріптестері күні бүгінге дейін оны ерекше құрмет тұтады.


– Ардақты Ғафура! Көптен күткен жетпіс жасың да келіп жетті. Ауыз толтырып айтуға сәл бөгеліңкіреймін. Өкінішке қарай, Құдай қосқан жарың Кенже бұл күнге жете алмай кетті. Тағдырдың жазғаны шығар. Бірақ сенің қос қанатың – Нұржан мен Диас ұлдарың, келіндер мен немерелер бар. Солардың амандығын тілеймін. Солар барда бәрі де жақсы болады. Екеуміз редакцияға мен 1972 жылы, сен 1974 жылы келдік. Бүкіл саналы ғұмырымыз бір ғана мекемеде – облыстық «DIDAR» газетінде (бұрынғы «Коммунизм туы») өтті. Осы газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Бірге қуанып, бірге мұңайдық. Екеуміздің еңбек кітапшамызда бір ғана жазба бар – ол «DIDAR» газеті. Сенің өзіңе тән ер мінезің бар. Сол үшін де сені әрдайым құрметтеп келемін. Енді жетпіске келдім деп шаршама. Отбасыңа ие болатын күш-қуат берсін. Денсаулығың мықты болып, балаларыңмен бақытты ғұмыр кешіп, немерелеріңнің қызығын көре бер, – деп тілегін білдіреді облыстық газетте қырық жылдай корректор болып қызмет еткен ардагеріміз Мәрзия апай Зәйтенова.


 

Қаламыңыз мұқалмасын, абыройыңыз асқақ болсын!

 

Бүгінде Ғафура Сәрсенбайқызы – екі ұлдан төрт немере сүйіп отырған ардақты әже. Үлкен ұлы Нұржан анасының жолын қуып, журналистика мамандығын таңдады. Өкінішке қарай, өмірлік жары Кенже Ғалымұлы ағамыз бұл мерейтойға жете алмады. Былтыр күзде өзінің жетпісін туыстар мен балалардың ортасында тойлап, енді міне  апайдың 70 жасын тойлаймыз деп тосып жүргенде, жыл басында екі күн ғана ауырып, бақи дүниеге аттанып кете барды. Әйтпегенде, екінші жетпісті де дүркіретіп тойлар едік қой. Тағдырға амал қайсы... Өзекті өкініш өртесе де, орнында бар оңалар дегенді жиі еске алып, медет тұтамыз. Артында ізін жалғар ұрпағы барына шүкір дейміз.


 

Қырық жыл табан аудармай бір ғана ұжымда еңбек ету – үлкен ерлікпен тең іс. Бұл – өз ісіне деген адалдықтың, табандылықтың, шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.


– Құрметті Ғафура Сәрсенбайқызы! Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілейміз. Сіздің еңбек жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, шаттық пен қуанышқа толы өмір сүре беріңіз! Қаламыңыз мұқалмасын, абыройыңыз әрдайым асқақ болсын!, – деген туған ұжымыңыздың тілегін жеткізе отырып, өзіңізбен руханият бөлімінде біраз жыл бірге істеген, Алашқа белгілі айтыскер ініңіз Серік Құсанбаевтың жүрек жарды жырымен жазбамызды қорытындыласақ дейміз.


Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын!

Құтты болсын Ғафеке,


70 атты белесің!


Тірлік дейтін теңізде,


Еркін жүзген кемесің.


Тіршілігің өнеге,


Өз-өзіңе сенесің.


Тілшілігің бір төбе,


Қалам алсаң қолыңа,


Желмаядай желесің.


Қарасөздің жауһарын,


Маржандай ғып тересің.


Ұлдарыңа Анасың,


Келіндерге енесің.


Керек жерде әрқашан,


Кеңесіңді бересің.


80-90 алдыңда,


Пешенеңе жазылса,


Ол жасқа да келесің.


Кенжекең жоқ қасыңда,


Бұл да – тағдыр сынағы,


Амал қанша, көнесің.


Ең бастысы – аман бол!


Аман болсаң әлі де,


Не қызықты көресің!Құрметпен, Серік Құсанбаев

 

Дәурен Аллабергенұлы


Фото: «DIDAR» газеті архивінен


 

 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив