Екі мыңға жуық жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралды

Жаңалықтар / Еңбек адамы / Қоғам 23-02-2026, 12:00 7 0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 2025 жылы жиыны 1889 жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараған. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша 1807, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 75, ал халықты жұмыспен қамту бойынша 7 өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі. 


Есепті кезеңде 402 тексеру жүргізілсе, оның 373-і жоспардан тыс. 251 ұйғарым берілген. 512 бұзушылық анықталған, 39,7 млн.теңге сомасына 149 әкімшілік айыппұл салынған.


Мемлекеттік еңбек инспекциясы, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында өндірістік жарақаттануды жасыру фактілеріне жол бермеу мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумы жұмыс істейді.


 

Департамент басшылығының айтуынша, өліммен және ауыр зардапты жазатайым оқиғаларға жол берген кәсіпорын басшылары облыстық үшжақты комиссияның 4 отырысында және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Сараптамалық кеңестің 2 отырысында тыңдалды.


 

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы


 

Сонымен қатар «Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Жол картасы» бекітілген.


– Еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау 86 кәсіпорында өткізіліп, мыңнан аса жұмыс орнын қамтыды. Өңірде 23 кәсіпорын тапсырыс берушіден мердігерге дейін бақылаудың сатылы моделін енгізді. Олардың қатарында «Промтехмонтаж» Өскемен басқармасы» ЖШС, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «Service СМУ» ЖШС бастьаған кәсіпорындар бар. Облыстың 42 кәсіпорны «VisionZero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылды. Қазақстандық саңыраулар қоғамы «Казцинк» ЖШС-мен бірлесіп, «Халықтық бақылау» жобасын іске асыруда, оның шеңберінде есту қабілеті бұзылған 63 адам бейнебақылау операторы болып жұмыс істейді, бұл қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылуын төмендетуге ықпал етуде, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Бақытбек Қизатов.


 

Шығыс Қазақстан облысында статистикалық деректер бойынша жалдамалы қызметкерлер саны – 191 378 адам, оның ішінде зиянды еңбек жағдайларында 2024 жылы 26,0 мың адам немесе 13,5 % жұмыс істеді.


2024 жылы жұмыс берушілердің зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін өтемақы төлеуге жұмсаған шығындарының жалпы сомасы 28,3 млрд теңгені құрады.


Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті арқылы 2025 жылы қаралған өтініштер, тексерулер және әкімшілік айыппұлдар бойынша 24,7 млн.теңге өндірілген. Қалған 15,0 млн. теңге өндірілген жоқ, оның ішінде 4,8 млн. теңге жеке сот орындаушыларға жіберілсе, 10,2 млн. теңге бойынша ерікті өндіріп алу мерзімі аяқталмаған.


 

 Өндірістік жарақаттану


 

Бақытбек Құрманбекұлы айтып өткендей, облыс кәсіпорындарында 2025 жылы 128 жазатайым оқиға орын алып, 143 адам зардап шекккен, оның ішінде 14-і өліммен аяқталған.


 – 75 ауыр және 54 жеңіл зардапты жағдайлар орын алды. 7 топтық жазатайым оқиға болып, онда 22 адам зардап шекті. Өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2% өсіп отыр, керісінше, өліммен аяқталғандар – 17,6% азайды. Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібінде – 37 адам, бюджеттік ұйымдарда – 34, құрылыста – 14, ауыл шаруашылығында – 13 және басқаларында 45 адам. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы – 36 %, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы – 34 %, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзуы – 11 %, басқалары – 19% (жол – көлік оқиғасы, еңбек қауіпсіздігі тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер және т.б.), – деді департамент басшысы.


 

Зардап шеккендердің ең көп саны Өскемен қаласында тіркелген, 64 адам. Келесі ретте Риддерде 26, Алтай ауданында 16, Шемонаиха ауданында 15, Ұлан ауданында 11. Өліммен аяқталған жазатайым оқиғалары Өскемен қаласы мен Алтай ауданында 4, Үлкен Нарын мен Ұлан аудандарында 2 фактіден тіркелген.


– Есепті кезеңде 123 арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, 197 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 9 қызметкер жұмыстан шеттетілді. 123 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 5 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды ("Шығыстүстімет" ЖШС – 2, "Шахтострой Инжиниринг" ЖШС – 2, «Риддерское геологоразведочное предприятие» ЖШС). Арнайы тергеу қорытындысы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына – 88,8 млн. теңге, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша ауыр жарақат алған 75 қызметкерге 89,5 млн. теңге төленді, – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Бақытбек Қизатов.


Қосымша айта кетсек, жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 7 жазатайым оқиға орын алып, 7 адам зардап шекті. Оның ішінде жетеуі де ауыр зардапты. Өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% -ға төмендеді, қайтыс болғандар болған жоқ.


 

Ұжымдық шарттарды цифрландыру


 

Сонымен қатар аймақтағы 29 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізіліп, 199 бұзушылық анықталған. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 119, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 77, халықты жұмыспен қамту бойынша – 3. Оның 179 бұзушылығы  немесе 90 % орындалды, қалғандары бойынша орындау мерзімі әлі аяқталған жоқ.


Департаментте атап өткендей, 2025 жылдың басынан бастап мамандандырылған ұйымдар 14 кәсіпорында кәсіби тәуекелдерге бағалау жүргізді. Қараша, желтоқсан айларының жоспары орындалған.


– Өңірдегі 5 360 белсенді кәсіпорынның (мемлекеттік ұйымдарды қоспағанда) 97,4%-ы сақтандыру шарттарын жасасты. 191 378 жалдамалы жұмыскердің 93,02%-ның еңбек шарттары бар. Жыл көлемінде кәсіподақтармен бірлесіп, барлығы 699 ұжымдық шарт цифрландырылды (ірі – 115, орта – 355, кіші – 229). Жоспар 538 болған, жылдық жоспар 130%-ға орындалды, – деді департамент мамандары.


 

Еңбек тәуекелдері картасы


 

2025 жылғы желтоқсанда Еңбек тәуекелдері картасына 3 865 кәсіпорын енгізілсе, оның ішінде жоғары тәуекел аймағына – 56 кәсіпорын, орташа тәуекел аймағына – 65, тәуекел аймағынан тыс – 3744 (96,8%) кәсіпорын енгізілген.


Қалалар мен аудандар әкімдеріне және ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне тәуекелі жоғары кәсіпорындармен жұмыс істеу үшін хаттар жолданып, тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде былтыр жоғары тәуекел аймағынан 192 кәсіпорындар шығарылған.


 

Жалақы бойынша берешек


 

2026 жылғы 17 ақпандағы мерзімі өткен жалақы бойынша жалпы берешектің қалдығы 3 кәсіпорында 7 қызметкер алдында 14,76 млн. теңгені құрайды. Олар – «Qazconstructions» ЖШС – 1 қызметкер алдында 1,15 млн. теңге, «Спецавтоматика» ЖШС – 1 қызметкер алдында 2,56 млн. Теңге және «LOGYGROUND» ЖШС – 5 қызметкер алдында 11,05 млн. теңге);


Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында еңбек жанжалдарына жол берілген жоқ.


 

Жұмыскерлер жағдайын жақсартуға ұсыныстар


 

Өз кезегінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті өндірістегі жазатайым оқиғаларды болжауға және алдын алуға бағытталған еңбек жағдайларын мониторингілеудің және тәуекелдерді талдаудың цифрлық құралдарын кезең-кезеңімен енгізуді (каска, сақтандыру тростарын, сигналдық кеудешелерді тани отырып камералар орнату; оқыту, нұсқамалардан өту, бұзушылықтар мен медициналық көрсеткіштердің тарихын жүргізу, жарақат алу қаупі жоғары қызметкерлердің ЖИ арқылы анықтау және басқалары) ұсынады


Сонымен қатар ұсыныстар қатарында     өндірістік жарақаттану деңгейін тұрақты түрде төмендетіп отырған жұмыс берушілер үшін экономикалық ынталандыру шараларын дамыту, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі және мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында көтермелеу тетіктерін енгізу (цифрлық қауіпсіздік жүйелерін енгізген кәсіпорындар үшін сақтандыру жарналарын төмендету және салықтық жеңілдіктер беру де көтерілген.


 

– Біздің тарапымызданеңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету мақсатында Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, мемлекеттік еңбек инспекторларына еңбек заңнамасының сақталуы бойынша жоспарлы тексерулер жүргізу құқығын беру, сондай-ақ      жазатайым оқиғалардың алдын алу және профилактикасын күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бойынша тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективтік өлшемшарттар тізбесіне өндірісте арнайы тергеп-тексерілуге жататын жазатайым оқиғаларды енгізу ұсынылады, – деді департамент басшысы.


 

Фото: Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаменті


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив