
Өскемен төрінде Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз айрықша сән-салтанатымен, бұрын-соңды болмаған кең ауқымда тойлануда. Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – орталық алаңға ағылған халықтың қарасы мен думанның айрықша көркем келбеті. Киіз үйлермен көмкерілген алаң ұлттық рухтың мәйегіне айналып, қыран құсын қомдаған құсбегілер мен садақ асынған мергендердің айбынды бейнесі көпшілікке дала дәстүрінің асқақ болмысын айқын сезіндірді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz.
Мерекелік шымылдық Қыдыр ата мен Жер ана бейнесіндегі тағылымды театрландырылған көрініспен түріліп, ізін ала сахна төріне жылқылар шеруі шықты. Ұлттық киімге оранған қатысушылардың әр қадамы мен әр бейнесі бабалар аманатын жаңғыртып, Наурыздың терең мәні мен өміршең рухын айшықтай түсті.
– Ардақты ағайын, қадірлі облыс қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – береке мен бірліктің, ырыс пен бақтың бастауы. Бұл – табиғат түлеп, тіршілік жаңарып, адамзат жаңа үмітпен алға қадам басатын ерекше кезең. Наурыз – тек жыл басы ғана емес, достық пен мейірімнің, жаңару мен жасампаздықтың символы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл мереке жаңа сипат алып, мазмұны байытылды.
Наурызнама онкүндігі аясындағы шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге болуда.Қазақ халқы қашанда жыл басын ізгі ниетпен қарсы алған. Біз де осы дәстүрді жалғастырып, бірлік пен келісімнің арқасында дамып келеміз.
Жуырда өткен республикалық референдумда халқымыз ауызбіршілік танытып, маңызды реформаларды қолдады. Бұл – елдің жарқын болашағына деген сенімнің айқын көрінісі. Соның нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды.
Құрметті қауым! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін! Әз Наурыз құтты болсын! – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Мерекелік думан мұнымен шектелмей, Республика алаңын шат-шадыман көңіл күйге бөледі. Әншілердің әуелеген әсем үні, күйшілердің күмбірлеген күйі мен бишілердің мың бұралған қимылы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Алаңға жиналған жұрт құсбегілердің қыранмен тілдескен шеберлігіне сүйсініп, ұлттық ойындарға белсене араласты. Балалардың асық атып, бозбалалардың қол күрестіріп, жігіттердің гір тасын көтеріп, арқан тартысқан сәттері Наурыздың тек думан ғана емес, ұлттық дәстүр мен күш-қайратты дәріптейтін тағылымды мереке екенін айқындай түсті.
Қала шетіндегі мерекелік көңіл күй де қыза түсті. Согра кентіндегі Өскемен ТМК стадионында өткен шараларда ән мен ойын қатар өріліп, тұрғындарға бауырсақ пен наурыз көже тегін ұсынылды. Ал Назарбаев даңғылындағы Келісім орталығы маңында да келген жұртшылық ұлттық дәмнен ауыз тиіп, мерекенің жылылығын сезінуде.
Республика алаңындағы басты сахнада жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрерменге шаттық пен серпін сыйлады. Кешкісін сахна шырайын белгілі өнер жұлдыздары – Жұбаныш Жексенұлы, BAYANSULU, Гүлнұр Салбанова, Алашұлы және Меховая 8/1 ажарландырып, әсем ән мен жарқын көңіл-күй мерекенің шарықтау шегіне айналмақ.
Жалпы, биылғы Наурыз – елді ұйыстырған, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан, жас ұрпақтың санасына рухани нәр берген айрықша мәдени құбылысқа айналды. Әрбір тұрғын бұл күннен жүрегіне жылу, көңіліне үміт алып, жаңа жылға жаңарған сеніммен қадам басты.
Жансая Саянқызы
Фото:Altainews.kz