Наурызнама онкүндігі: бүгін – ұлттық мәдениет күні

Жаңалықтар / Мәдениет 16-03-2026, 10:00 1 0

Қазақстанда Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өту аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленді. Бұл күн халқымыздың бай мәдениеті мен сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған, деп Ilove-ulan.kz  тілшісі.


Мерекенің басты мақсаты – ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Бұл күні еліміздің әр өңірінде мәдени шаралар, ұлттық өнерді насихаттайтын кездесулер, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылып, халықтың рухани мұрасын кеңінен танытуға ерекше көңіл бөлінеді.


Жалпы, биыл Наурыз мейрамы аясында ел бойынша 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде ең ауқымды жобалардың бірі – Наурызнама онкүндігі. Бұл бастама Наурыз мерекесін мазмұнды әрі кең көлемде атап өтуге бағытталған.


Онкүндік дәстүр бойынша 14 наурызда – Амал мерекесімен басталды. Ал 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ретінде аталып өтеді. Бұдан кейінгі күндер де арнайы тақырыптарға арналмақ. Мәселен, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні болып белгіленген. Ал 20 наурызда ұлттық спорт түрлері насихатталса, 21 наурыз – Ынтымақ күні ретінде тойланады. Ал 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, яғни Жаңа жылдың бастауы. Бұдан кейінгі күн Тазару күні ретінде экологиялық акциялар мен тазалық шараларына арналады.


Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында Наурыз мерекесіне орай бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Дәстүрге тағзым – ұрпаққа аманат» атты музейлік шара. Көрме Өскемен қаласындағы М.Горький көшесі, 59 мекенжайында орналасқан көрме кешенінде, қазақ этнографиясы бөлімінің ұйымдастыруымен өтеді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық құндылықтары кеңінен таныстырылады.


Сонымен қатар, К.Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы көрме кешенінде «Көктем шуағы» атты мерекелік концерт өтеді. Бұл шара мектеп оқушыларына арналған және көктем мен Наурыз мейрамының шаттыққа толы атмосферасын сезіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Концерт барысында жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, ұлттық мәдениетті дәріптейтін шығармалар ұсынады.


Ал А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Наурызнама» онкүндігі аясында түрлі мәдени-рухани іс-шаралар легі өтеді. Соның ішінде «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай «Қыран рухты әулет» атты тағылымды кездесу кеші жоспарланған. Бұл шарада ұлттық өнерді отбасылық құндылыққа айналдырған, жылқы баптап, құс салу дәстүрін жалғастырып келе жатқан өнерлі Манай әулетімен кездесу ұйымдастырылады. Кездесу барысында әулеттің бірлігі мен татулығы, өзара сыйластығы мен бауырмалдығы туралы әңгіме өрбіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәрбиенің маңызы мен ұлттық өнердің қадірі насихатталады.


Биылғы Наурыз мерекесінің ерекшелігі – мерекелік іс-шараларда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының белсенді қолданылуы. Сонымен қатар, ұлттық ойындар тек орталық алаңдарда ғана емес, сауда үйлерінде, қоғамдық орындарда және тұрғын үй кешендерінің аулаларында да ұйымдастырылады.


Мереке аясында еліміздің әр өңірінен жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері де өтеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді азық-түлік сатып алуға мүмкіндік береді.


Фото: жасанды интеллект


 

 

 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив