
Таңғы шапақпен бірге Алтай ауданының Октябрский кентіндегі Бұқтырма жағалауы ерекше қарбаласқа бөленді. Таңғы сағат жетіден бастап балық аулауға құмар қауым айдын басына ағылып, табиғат аясындағы үлкен мерекенің куәсіне айналды. Мұнда «Бұқтырма балықшысы» атты екінші республикалық фестиваль екінші рет жалауын көтерді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Су қоймасының мұз жамылған айдыны бұл күні тек балықшылардың ғана емес, тұтас халықтың басын қосқан мерекелік алаңға айналды. Жарыс алаңына сегіз киіз үй тігіліп, ортаға сәні келіскен үлкен сахна орнатылды, тіпті мерекелік көңіл-күйді айшықтай түскен әуе шары да орналастырылды.
Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген тағылымды шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған жұртшылықты 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті жерлестер! Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алдымызда республикалық маңызды референдум тұр. «Бұқтырма балықшысы» мейрамы осындай ерекше кезеңде өтіп жатыр. Бұл фестиваль екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр Зайсанда өткен шарада 500-ден астам балықшы қатысқан еді. Биыл да қатысушылар қатары қалың. Қармақтарыңыз олжалы болсын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Салтанатты ашылудан кейін жарыс ережелері түсіндіріліп, еліміздің әр өңірінен келген балықшылар айдын үстіне бет алды. Олар ең ірі, ең сирек әрі бағалы балық түрлерін аулау бойынша сынға түсті.
Фестиваль тек балық аулау жарысымен шектелмей, кең ауқымды мәдени-танымдық мерекеге ұласты.
Жиналған көпшілікке арналып қазақстандық танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды, сахнада ән мен күй әуеледі. Сонымен қатар жәрмеңке ұйымдастырылып, атпен серуендеу, ұлттық қолөнер көрмелері мен түрлі отбасылық спорттық жарыстар қатар басталды.
Айрықша атап өтерлігі, фестивальге облыстың аудандары белсене қатысып, өз киіз үйлерін тігіп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен «Ауылдың дәмі» акциясын ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде облыс аудандарының берекесі мен бірлігін, ұлттық дәстүрге деген құрметін айқын көрсеткен мазмұнды шараға ұласты.
Осылайша, Бұқтырма жағалауындағы балықшылар фестивалі табиғат аясындағы жарыс қана емес, ел бірлігін ұлықтаған, алғыс пен ынтымақты дәріптеген шынайы халықтық мерекеге айналды.
Алып әуе шары, жорға міну, хаскилер жегілген шанамен серуен
Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы балықшылар мерекесі күннің аязына қарамастан қызу өтті. 18 бен 78 жас аралығындағы 300-ге тарта әуесқой балықшы бақтарын сынады.
Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Алтай аудандары тіккен киіз үйлерде фестиваль қонақтары мен қатысушылар дәм ауыз тиіп, жәрмеңкеде ыстық палау мен шашлықтан, ыстық шай мен бауырсақтан дәм тата алды.
Мұнымен қатар алтайлық кәсіпкерлер су төгілмес жорғалар пен понилер әкеліп, халықтың атпен серуендеуіне жағдай туғызды. Ал өскемендік кәсіпкерлер шанаға арнайы үйретілген хаски тұқымды иттерді әкеліп, ит жегілген шанаға мінген белсенді демалушылар мұз үстінде атқан оқтай заулады.
Орталықтағы мереке алаңында қалықтаған алып әуе шары да үлкен сұранысқа ие болды.
Ал ортадағы үлкен сахнадан күні бойына әсем әуен мен би, сахналық көріністер бір сәтке де толастаған жоқ.
– Бүгін отбасыммен Серебрянка қаласынан арнайы қыдырып келдік, жарысты тамашалауға келдік. Өте көңілімізден шығып отыр. Атпен серуендедік. Ән тыңдадық. Белгілі эстрада әншілерінің өнерін тамашаладық, олармен суретке түстік. Өзіміз де балық аулауға тырыстық. Осынау көктемнің алғашқы күнінде, Алғыс айту күні мерекесінде тамаша көңіл-күй сыйлаған жергілікті атқару билік өкілдеріне зор алғыс. Осындай береке-бірлігімізді алдағы 15 наурызда болатын республикалық референдумда да көрсетейік. Бүгін нағыз береке бірліктіктің мерекесі көрініс табуда, – деді жарысқа қатысушы Берік Нұрланбекұлы.
Ал бүгінгі мерекенің көрігін белгілі эстрада жұлдызы, әнші Еркін Нұржанов қыздырғанын ерекше атаған абзал. Ол жарты сағаттан астам уақыт көктемгі ашық аспан астында танымал хит әндерін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
– Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқан балықшылар мерекесінде өнер көрсеттік. Көктемнің алғашқы күнінде, Алғыс айту күнінде ән айтудамыз. Халықтың қошеметі керемет. Мерекелеріңізбен, – деді бүгінгі спорттық-мәдени шараның бас хедлайнері Еркін Нұржанов.
Фестивальде облыстық филармония өнерпаздары да әсем әннен шашу шашып, халық көңілін көтерді.
– Көктемнің алғашқы күнінде, референдум қарсаңында керемет шара өткізген облыс басшылығына үлкен рахмет. Жексенбілік жақсы демалыс болды, – деді Аслан Нұрбаев есімді фестиваль қонағы.
Айта кетейік, мұз үстіндегі жарыс кешкі беске дейін жалғасып, одан кейін жеңімпаздар анықталды.
Көктемнің алғашқы күнінде өңірдің Алтай ауданына қарасты Октябрьский кентінде ұйымдастырылған «Бұқтырма балықшысы – 2026» атты су астындағы балық аулаудан екінші республикалық фестиваль кешкісін қорытынды мәресіне жетті.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге
Әрине, фестивальдің басты оқиғасы – су астындағы балық аулау бойынша жарыс болғаны белгілі. Бас төреші Алексей Моисеев бастаған әділ қазылар алқасы да барынша әділ болуға тырысып, нән шортан, көксеркеден бастап, саусақтай шабақтар, алабұғалар да есепке алынды.
– Ең бірінші кезекте айтарым, мұндай жарыстарда көп балық аулау міндет емес, керісінше, жарысқа қатысу, балықаулаудың атмосферасын сезіну, бүкіл балықшылармен бірге бір ұжымға айналып кету, жетістігіңмен бөлісу маңызды. Бұл міндет бүгін толық орындалды. Барлықтарыңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен және алда келе жатқан мерекелермен құттықтаймын. Сонымен қатар алдағы 15 наурызда болатын референдумда тағы да осылай бірге бас қосайық дегім келеді. Келесі жарыстарда кездескенше, – деді ШҚО спорттық балық аулау федерациясының жетекшісі Александр Гуляев.
Сонымен «Бұқтырма балықшысы – 2026» су астындағы балық аулаудан екінші республикалық фестивалінде «Ең үздік балықшы әйел» номинациясында Ирина Анихина жеңімпаз атанды. Келесі «Ең үлкен ауланған балық (Big Fish)» аталымында жас балықшы Ғали Темірғалиев үздік деп танылды.
Ал үшінші орын ауланған балық көлемі бойынша Айқын Нұрмұханбетовке берілді. Екінші орынға Владимир Карпенко деп танылды. Жарыстың бас жүлдесі – бірінші орынды Роман Иванов жеңіп алды.
Жеңімпаздар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық мәдениет басқармасының атынан тағайындалған кубоктармен, медальдармен, алғыс хаттармен және облыс әкімі Нұрымбек Аманұлының атынан арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Мұнымен қатар жеңімпаз бен жүлдегерлерге, номинация иегерлеріне облыс кәсіпкерлері атынан өңірдегі қысқы қонақ үйлерге жолдамалар да тарту етілді.
Аймақ басшысына алғыстарын білдірді
– Жеңімпаз болғаныма өте қуаныштымын. Глубокое ауданынан келіп бірінші рет қатысып, бірінші орын алып, бес жүз мың теңгенің сертификатын иелендім. Бұл отбасым үшін үлкен сыйлық болды. Осы жарысқа қолдау білдіріп, жіберген Глубокое ауданы әкімдігі мен Быструха ауылдық әкімшілігіне алғыс айтамын. Күн аяз болса да, жарыстың қызығына беріліп, аса елей қоймадық. Барлық қатысушыларды мерекемен құттықтаймын. Жарыстың өткізген облыс басшылығына үлкен рахмет, – деді Роман Иванов.
Фестивальдің басты хедлайнерлері: эстрада жұлдызы, танымал әнші Еркін Нұржанов, Кубадан келген қызу қанды қонақтар – Umberto Project тобы, сондай-ақ танымал блогер Алға Петербург болды.
Мұздағы балық аулау барысы бастан-аяқ алаң ортасында орнатылған үлкен экраннан көрсетіліп тұрғаны, жарыстың жариялы да әділ өтуіне мүмкіндік туғызып, қонақтарға мұзға шықпай-ақ жарысты тамашалауға жағдай жасады. Бұл да бір уақыт үнемдеген жаңалық екен десті жиылған жұртшылық.
– Жарыс әділ өтті. Қармағыма алабұғаның бір-екеуі түсті. Сонымен жүлдеге іліктім. Мереке құтты болсын, осындай жарыстар өткізіле берсін, – деді ауланған ең үлкен балықтың иесі атанған Ғали Темірғалиев.
Фестивальді ұйымдастырушылар негізі мақсат – балық аулаудан жарыс өткізу болғанымен, сонымен бірге шара елді бірлікке шақырудың, Шығыстағы елдің ұйымшылдығы мен береке бірлігін айшықтаған, алтай қыстың аяқталып, нұрын төккен көктемнің келгенін хабарлаған, ойдағы елмен қырдағы елдің басын қосқан мереке болғанын да сүйіншілей жеткізді.
– Бүгін үлкен мереке, бірліктің мерекесі Алтай ауданында, Бұқтырманың жағасында өтті. Үш жүзге тарта спортшы-балықшылар тіркеліп, мұз үстіне шықты. Бәрі ойдағыдай болды. Ұйымдастыру жағы да мінсіз болды. Сол үшін фестивальге қатысып, қолдау білдірген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа, облыстық Төтенше жағдайлар, департаментіне, Полиция департаментіне, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау басқармаларына рахмет айтамыз. Алтай ауданы әкімдігіне де бек ризамыз. Аязға, жолдың алыстығына қарамай келген, соңына дейін сайысқа түскен барлық қатысушыларға рахмет айтамын, – деді жарысқа Алматы қаласынан келген «Республикалық спорттық балық аулау федерациясының» президенті, балық аулаудан әлем чемпионы Роман Ботабеков.
Көктемнің ашық та сәулелі нұрын төккен алғашқы бұл күні Алтай ауданына жарысқа келген жұртшылықтың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Фото: Махаббат Ахметжанова, Altainews.kz