
Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары республикалық референдумға белсенді қатысты. Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша өңірдегі азаматтардың келуі 86,42 пайызды құрады, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Өңірде барлығы 533 референдум учаскесі жұмыс істеді. Жалпы облыс бойынша 547 комиссия, оның ішінде 14 аумақтық комиссия қызмет атқарды. Комиссия құрамына барлығы 3 821 адам кірді. Ең көп учаске облыс орталығы – Өскемен қаласында ашылып, мұнда 129 учаске дауыс берушілерді қабылдады.
Референдум күні тұрғындар саяси науқанға белсенді қатысты. Кейбір азаматтар дауыс беру учаскелеріне ұлттық киіммен келіп, мерекелік көңіл күйде өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.
– Бүгін референдумға қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Адамдар дауыс беру учаскелеріне жақсы көңіл күймен келіп, өз азаматтық позицияларын білдірді. Тіпті учаскелер жабылар алдында да дауыс бергісі келген тұрғындардың легі толастамады. Жоғары қатысу деңгейі азаматтардың мемлекетке деген сенімі мен ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді, – деді Өскемен қаласындағы №2 учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Раушан Мұхтарханова.
Фото: Altainews.kz