
Бүгін, 15 наурыз күні таңғы сағат 07:00-де Қазақстанда республикалық референдумға арналған барлық учаске өз жұмысын бастады. Ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқанда облыс тұрғындары да азаматтық таңдауын жасауға кірісті, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Облыс бойынша дауыс беруге 485 109 азамат тіркелген. Таңғы сағат жетіден бастап өңірде 533 референдум учаскесі есігін айқара ашты. Оның ішінде 128 учаскеде фотозоналар ұйымдастырылып, дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауда.
Азаматтардың уақытша болатын орындарында да дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы мақсатта облыста ауруханалар мен өзге де мекемелерде 32 арнайы учаске жұмыс істеуде.
Референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін «Дауыс» коалициясы мен «AMANAT» партиясынан 2066 бақылаушы тартылған. Сонымен қатар, дауыс беру процесін ТМД елдерінен келген екі халықаралық бақылаушы қадағалайды.
Учаскелердің жұмысын үйлестіруге 3821-ден астам комиссия мүшесі жұмылдырылған. Ұйымдастыру жұмыстарына мыңға жуық ерікті де белсенді атсалысып отыр.
Айта кетейік, бұл референдумда 7242 жас алғаш рет дауыс беріп, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды шешімге өз үлесін қосады.
Фото:informburo.kz