Ұландықтар есімі елге танылған жерлес ғалымды еске алды

Жаңалықтар 12-03-2026, 12:30 1 0

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымының докторы, академик Күләш Құнантаеваның 95 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар тағылымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ғалымның туған жері – Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында да мерейтойлық шаралар легі жалғасуда, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.


Ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттау және өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында Ұлан ауылындағы Сәрсен Аманжолов атындағы орта мектепте «Ұлан – ғалымдар түлеткен киелі мекен» атты ардагер ұстаздармен кездесу өтті. Сондай-ақ мектеп музейінде ғалымға арналған арнайы көрме ашылды. Мазмұны терең әрі танымдық шара жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен сапалы білім берудің маңызын айқындап, ұрпақтар сабақтастығының жоғалмағанын көрсетті.


 

– Күләш Құнантайқызы – 1968-1984 жылдары Қазақ қыздар пединститутын ең ұзақ уақыт басқарған ректор. Ол отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Білім ордасын жаңа деңгейге көтерді, оқу ғимараттары мен жатақханаларды салдыртты. Оның тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт мұғалімдеріне берілген еді, – деп еске алды отбасымен бірге келген ғалымның немере-інісі Орал Құнафин.


 

Сонымен қатар жиында осы мектептің түлегі, Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиева мен ғалымның жиені Сәуле Ыбыраева бейнебайланыс арқылы жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдірді.



 

Фото: мектеп ұжымы


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив