
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Өскемен қаласында Наурыз мейрамына орай 100-ден астам мәдени, бұқаралық, спорттық, танымдық және ғылыми іс-шара өткізу жоспарланған. Наурызнама аясындағы мерекелік шаралар 14 наурыз – Көрісу күнінен басталып, тақырыптық 10 күндік форматта ұйымдастырылады.
Жоспарланған негізгі шаралардың қатарында бірқатар мазмұнды іс-шаралар бар. Мәселен, 17 наурыз күні қалалық Арбатта «Жан ана» көпбалалы қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және заманауи өзгерістерге бейімделуге бағытталған танымдық іс-шара өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Осыған орай «Макси Молл» сауда орталығында өскемендік дизайнерлердің ұлттық киімдерінен сән көрсетілімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мұнда ұлттық киімдердің көрмесі мен жәрмеңкесі де өтеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Осы күні Комсомол аралында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, мықтылар өзара күш сынасады.
Биыл Наурыз мейрамы қала бойынша бірнеше локацияда атап өтіледі. 21 наурыз күні «Өскемен» аллеясында (ЖМК), Меновное, Аблакет, Защита, Куленов мөлтек аудандарында, сондай-ақ Сол жағалау мен Комендантка өзенінің сағасында мерекелік шаралар өтеді. Ал 22 наурызда дәстүрлі түрде Республика алаңында негізгі халықтық мереке ұйымдастырылады.