
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұстаз – ұлт сапасын айқындайтын басты тұлға» деп атап өткендей, білім мен тәрбиеге саналы ғұмырын арнаған ұстаздарды ұлықтау – дамыған қоғамның белгісі. Осы рухани ұстаным аясында Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде ұлағатты ұстаз Сиезхан Құдабаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, өңірдің зиялы қауымы мен педагогтері бас қосқан тағылымды алаңға айналды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
«Ұстаздық тағылым мен қоғамдық қызмет: ұрпаққа үлгі болған ғұмыр» атты бұл конференцияның мақсаты ұстаздың өмір жолы мен педагогикалық еңбегін насихаттау, жас ұрпаққа өнеге ету болды. Іс-шараға ардагер ұстаздар, мектептер басшылары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Конференция оқушылар дайындаған қойылыммен басталып, ұстаздың өмірі мен еңбек жолына арналған бейнематериалдар көрсетілді. Пленарлық бөлімде жазушы Әлібек Қаңтарбаев, педагогика ғылымының кандидаты Нұршат Абдуллина, еңбек сіңірген ұстаз Бақытжан Аханова, педагогтер Айнұр Болаева, Гаухар Мұхамеджанова, Мұхамедсапа Мұхитов, Нұрбала Галиева, Нарзангүл Ахметова баяндама жасап, білім беру ісінің үздігі, жазушы, қоғам қайраткері Сиезхан Дәулетханұлының ұстаздық мұрасы мен қоғамдық қызметі жайында ой бөлісті.
Ұстаздың «Көк бөрілік тірлігім» кітабының тұсаукесері де өтті. Ол рәсімге зиялы қауым өкілдері мен аудан әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов қатысып, еңбектің құндылығына тоқталды. Сонымен қатар педагогтерге алғыс хаттар табысталып, Мәрсеков атындағы орта мектептегі оқу кабинеттерінің біріне Сиезхан Құдабаевтың есімі берілді. Қатысушылар мектептің ғылыми-шығармашылық көрмесін тамашалады.
Мерейтойлық шаралар легі білім саласы қызметкерлері арасындағы волейбол турнирімен жалғасты.
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі