Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымының докторы: ШҚО-да Күләш Құнантаеваны еске алды

Жаңалықтар 5-03-2026, 11:30 2 0

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымының докторы, Шығыстың тумасы, академик Күләш Құнантаеваның 95 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция Ұлан ауданының Бозанбай орта мектебінде өтті, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Шараның басты мақсаты педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, Күләш Құнантаеваның педагогикалық мұрасын насихаттау және заманауи оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдістерін тәжірибеде қолдануға бағыт беру болды.

 

Конференцияға еліміздегі жоғары оқу орындарының профессорлары, білім қызметкерлері, мектеп директорлары, мұғалімдер, оқушылар және еңбек ардагерлері қатысты. Қатысушылар Күләш Құнантайқызының өмірі мен ғылыми еңбектері туралы бейнефильмді тамашалап, оның педагогикалық идеяларының маңыздылығын талқылады. Тікелей бейнебайланысқа шыққан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Әмина Әмірова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Мәрияш Мұқашева, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Перизат Сейітқазы ғалымның зерттеулері туралы баяндады. 


 

Мұғалімдер cross-training алаңында түрлі пәндер бойынша тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар мен инновациялық оқыту әдістерін талқылады. Бұл шара педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа технологияларды игеруге және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді. 


 

Күләш Құнантайқызы 1931 жылы 4 наурызда Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, 1966 жылы «Қазақстан оқушыларының бірлестіктері» тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы «1920-1975 жылдардағы Қазақстандағы әйелдер білімінің дамуы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Қазақ КСР жоғары және орта білім министрінің орынбасары, Қазақ қыздар пединститутының ректоры сынды жоғары лауазымдарды абыроймен атқарды.

Фото: ұйымдастыру алқасынан

 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив