
Б.Александров атындағы Спорт сарайында 2025 жылдың қараша айының 15-26 аралығында Жапонияның Токио қаласында өткен XXV жазғы сурдлимпиада ойындарының чемпионы Фаина Мейірмановаға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Еліміздің абыройын халықаралық аренада биікке көтеріп, әлемдік додада көрсеткен зор жетістігі үшін спортшы қызға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов үш бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.
– Токио қаласында өткен Сурдлимпиада ойындары есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ең ірі халықаралық жарыс болды. Бұл әлемнің ең мықты жеңіл атлеттері бас қосатын, дүниежүзілік деңгейдегі беделді дода.Фаина Қазақстанды және Шығыс Қазақстан облысын лайықты деңгейде таныстырып, жоғары шеберлігін, жеңіске деген қайсар жігерін және нағыз спортшыға тән мінезін көрсетті. Оның жетістігі көп жылғы еңбектің, тәртіптің және өз күшіне деген нық сенімнің нәтижесі, – деді Нұрымбет Аманұлы құттықтау сөзінде.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл жоғары нәтиже Туризм және спорт министрлігінің, Жеңіл атлетика федерациясының, облыстың Жеңіл атлетика федерациясының, сондай-ақ демеушілердің жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болып отыр.
– Біз Шығыс Қазақстанда осындай мақсатшыл әрі талантты жандардың тәрбиеленіп жатқанын мақтан тұтамыз. Сіздің үлгіңіз жастарға, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларға шабыт береді, арманға ұмтылған жанға ешқандай кедергі жоқ екенін дәлелдеп отыр.Спортты қолдау және спортшылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Бүгінгі үш бөлмелі пәтерді табыстау – жай ғана сыйлық емес. Бұл – Сіздің облыс пен ел алдындағы еңбегіңізді мойындау, төккен теріңізге деген шексіз алғыс және өңіріміздің беделін арттыруға қосқан үлесіңізге көрсетілген құрмет.Барлық шығысқазақстандықтардың атынан жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге жаңа жеңістер, мықты денсаулық, толағай табыстар тілеймін!, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Еске салсақ, сол былтырғы Сурдлимпиада ойындарында біздің өңір спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізген болатын. Оның ішінде Фаина Мейірманова биіктікке секіруден 1.79 метр нәтиже көрсетіп, Сурдлимпиаданың рекордын жаңартты әрі чемпион атанды.
Даңқты қыз спортта дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде тәлім алуда.ФаинаТокиода өткен Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және «Үздік – 2025» ұлттық жүлдесінің иегері.
– Әрине жеңіс тұғырына көтерілген, чемпион атанған сәтімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Есіме түссе, әлі күнге дейін ерекше сезімге бөленемін. Себебі, қарсыластарымның бәрі өте мықты болды. Бүгін міне, облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы халықтың, спортшылардың алдына шақырып, марапаттап, үш бөлмелі пәтер кілтін сыйға тартты. Өте қуаныштымын. Бұл менің алғашқы баспанам. Облыс басшылығына осындай қолдауы үшін үлкен рахмет. Жеке тренерім Богдан Юрьевичке алғыс айтамын. Үнемі мені қолдап келеді. Спорттық жоспарыма келсек, жаттығуды күшейтіп, 2028 жылы өтетін олимпиадаға дайындықты бастаймын. Тағы да үлкен қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет!, – деді Фаина Мейірманова.
Сонымен қатар Фаина Мейірманова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2024 жылы Тайбэйде (Тайвань) өткен әлем чемпионатында биіктікке секіруден 176 см нәтиже көрсетіп, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік рекорд орнатты.
Ал 2024 жылғы Азия-Тынық мұхиты ойындарында ұзындыққа секіруден чемпион атанды. Фаина бүгінде 19 жаста, Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Спортпен 7 жылға жуық айналысуда.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда спортты дамытуға және үздіктер қатарынан көрінген спортшыларды барлық жағынан қолдауға әркез басымдық беріліп келеді.
Фото: Altainews.kz