
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін 6-22 ақпан аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццода өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ел Президенті дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын дүбірлі доданы айрықша маңызды оқиға деп атады. Биыл Олимпиада ойындарына он спорт түрінен 40-қа жуық спортшы қатысады. Олардың қатарында Шығыс Қазақстанның мықтылары да бар.
Мемлекет басшысы төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге қазақстандық спортшылар тыңғылықты дайындалғанына тоқталып, Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында шын мықтылар күш сынасатынын айтты.
Президент намысты қолдан бермеген спортшыларымыз талай бәсекеде топ жарып, еліміздің мерейін асырып, нағыз жасампаз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.
– Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Жеңіске жету үшін талап пен табандылық керек. Сіздер шеберліктеріңізді шыңдап, аянбай еңбек еттіңіздер. Соның арқасында дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік алдыңыздар. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Барша халқымыз Сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады.
Айта кетейік, бұл үлкен мәртебеге ие болған фристайлшы Аяулым Әмренова Шығыс Қазақстан мақтанышы, Зайсан ауданының тумасы. Редакция оқырмандарымен қуанышымен бөліскен Аяулымның әкесі Серік Әміренов облыс тарихында қысқы Олимпиадаға көк байрақ сеніп тапсырылған алғашқы спортшы екенін ерекше мақтанышпен жеткізді.
Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына шамамен екі аптадай уақыт қалды. Дүбірлі бәсеке 6-22 ақпанда Милан және Кортина-д’Ампеццода қалаларында өтеді.
Жарысты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Фото: Ақорда және Аяулым Әміренованың отбасылық архиві