
Өңірдегі «Қазгидромет» РМК филиалы мамандары айтып өткендей, облыс бойынша гидрометеорологиялық мониторингті 23 метеорологиялық станция, 53 гидрологиялық бекет (оның 51 тұрақты, 2 маусымдық), 5 агрометеорологиялық бекет және 8 қар өлшегіш маршрут жүзеге асырады, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Қазіргі уақыттағы гидрометеорологиялық жағдайға келсек, жерді қашықтықтан зондтау деректеріне сәйкес аймақ аумағының 89%-ы қар жабындысын жамылған.
Бөлімі басшысы келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, таулы аумақтарда, оның ішінде Зайсан ауданының Кендірлік қар өлшеу бағдарында қар қоры былтырғы көрсеткіштен 40%-ға жоғары.
Сондай-ақ, топырақ бетінде мұз қабығы Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында (3,7 мм) байқалады. Айта кету керек, мұз қабығының қалыптасуы судың топыраққа сіңуін қиындатып, еріген қар суы ағынын және беткейлік ағындарды қалыптастыруы мүмкін.
Топырақтың күзгі ылғалдылығы облыс аумағының көп бөлігінде нормадан жоғары, тек Күршім және Шемонаиха аудандарында бұл көрсеткіштер нормадан төмен.
Жалпы алғанда брифингке қатысқан спикерлер гидрологиялық жағдай тұрақты екенін айтады. Барлық гидробекеттерде су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. Облыстың көптеген өзендерінде мұз құбылыстарының әлсіреуі және сулылықтың артуы байқалады.
Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына наурыз айына болжанған су көлемі тиісті норма шамасында.
Көпжылдық гидрологиялық деректерді талдауға, сондай-ақ түскен жауын-шашын мөлшерін, қар жамылғысындағы су қорын, күзгі топырақ ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін, топырақ бетінде мұз қабығының болуы мен ауа райы болжамына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі болып қала береді.
Өңірдің Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан және Үлкен Нарын аудандары қауіпті аумақтар қатарында.
Орташа қауіптілік Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Шемонаиха аудандарында, сондай-ақ Риддер қаласының әкімшілік аумағында болады дем болжануда.
Айта кетейік, «Қазгидромет» филиалы күтілетін синоптикалық және гидрологиялық жағдайды талдау негізінде қауіпті ауа райы құбылыстары мен табиғи гидрологиялық құбылыстар туралы дауылды ескертулерді уақтылы шығарып, оларды барлық мүдделі органдарға, атап айтқанда өңірдегі ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарға шұғыл жолдап отырады.