
Көпжылдық бақылауларға сәйкес облыста су тасқынының бірінші кезеңі өзендердің мұз құрсауынан ашылуы кезінде, яғни наурыз айының екінші онкүндігінің соңынан сәуір айының екінші онкүндігі соңына дейін байқалады. Осы кезеңде Қара Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Күршім, Абылайкит, Ақсу өзендерінде мұз кептелістерінің пайда болу қаупі бар, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Аймақтағы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режимі енгізіліп, департаментте жедел штабтың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.
Сонымен бірге әрбір су басу қаупі бар елді мекен бойынша жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жауапты тұлғалары бекітіліп отыр.
Спикер брифингте келтіргендей, ақпан айының үшінші онкүндігінен бастап каналдарды, арықтарды, су өткізу құрылыстарын және көпірлерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, егер ахуал күрделене қалған жағдайда жедел әрекет ету үшін жергілікті атқарушы органдардың, Төтенше жағдайлар департаментінің және азаматтық қорғау қызметтері құрамдарының 3677 адамы, 556 бірлік техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпамен қамтамасыз етілген күштері мен құралдары сақадай сай дайын тұр.
Қосымша мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету мақсатында Алтай ауданына 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшісі жіберілді.
Зардап шеккен тұрғындарды қабылдау үшін жалпы сыйымдылығы 13 мың адамды құрайтын 137 эвакуациялық қабылдау пункті анықталып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында 411 рейд ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам жадынама таратылған.
Құтқарушы мамандардың мәлімдеуінше, су тасқыны қаупі күрделенген жағдайда халықты құлақтандыру шаралары – 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы, СМС-тарату, телерадио хабарларын қармап алу және "Дармен" мобильдік қосымшасы арқылы жүргізілетін болады.
Сонымен қоса, төтенше жағдай туындаған кезде "Масс Алерт" халықты хабардар ету жүйесі іске қосылатын болады.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі