
Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Су тасқыны қаупін дер кезінде анықтап, жедел әрекет ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы жедел штаб қызмет етуде. Жұмыс тобы тасқын жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, барлық тиісті қызметтердің іс-қимылын үйлестіруде, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Күрделі жағдай туындаған мезетте шұғыл әрекетке көшетін 3677 адамнан тұратын азаматтық қорғау күші дайын. Сонымен қатар, 556 бірлік техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа жұмылдырылмақ. Бұл құрамға ТЖД бөлімшелері, құтқару батальоны, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық ұлан, Полиция департаменті және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері кіреді.
– Халықты эвакуациялау және күштерді жедел жеткізу үшін 11 әуе кемесі, соның ішінде Ми-8 және Ми-2 тікұшақтары тұрақты дайындыққа қойылған. Жыл басынан бері Үлкен Нарын, Самар, Алтай, Катонқарағай және Ұлан аудандарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерге үш рет әуеден бақылау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері аумақта қар жамылғысының қалың екенін, Бұқтырма өзенінің толықтай мұз құрсауында жатқанын, тек кей жерлерде ғана ойықтар байқалатынын көрсетті, - дейді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Жақында ТЖД мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Алтай ауданы мен Риддер қаласындағы қауіпті учаскелерді тексеріп, қорғаныс құрылыстары мен елді мекендердің дайындығын бағалады. Келесі әуеден бақылау Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарында жүргізіледі.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, Зайсан, Шемонаиха, Тарбағатай және Үлкен Нарын аудандарында қар қоры көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары. Соған қарамастан, облыс өзендеріндегі гидрологиялық жағдай әзірге тұрақты, су деңгейі қауіпті межеден төмен деңгейде сақталып отыр. Алдағы уақытта өңірде тағы да қалың қар жаууы ықтимал, наурыздың 20-нан кейін жағдай тағы бір мәрте таразыға салынбақ.
Көлік инфрақұрылымын қорғау бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Қазіргі уақытта су өткізу құбырларының 58 пайызы және көпірлердің 71,6 пайызы тазартылған. Бұл жұмыстарды 20 наурызға дейін толық аяқтау жоспарланған. Еріген қар суларын кедергісіз өткізу үшін инертті материалдар, құм толтырылған қаптар мен қажетті құрал-жабдықтар алдын ала дайындалды. Өткен дүйсенбіде Тарбағатай ауданындағы «М-38 Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар» облыстық жолында еріген қар суы жол үстінен асқанымен, жабыны шайылмады, көлік қозғалысы тоқтаған жоқ. Жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайтын облыс жолдарында төрт мыңға жуық су өткізу құбыры мен 250-ден астам көпір бар.
– Кейбір құрылыстардың сырт көзге көрінбейтін ақаулары болуы мүмкін. Сондықтан гидротехникалық нысандардың жайын қатаң бақылауда ұстау қажет. Судың өсу деңгейін, гидрологиялық жағдайларды қадағалап отырыңыздар. Төтенше жағдайлар қызметі күтілетін су тасқындарының даму жоспары болжамына сәйкес жұмыстарды ұйымдастыруы қажет. Шұғыл әрі қауіп төндіріп тұрған болжамдарды күн сайын ұсынып отырыңыздар, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өрт қауіпсіздігі мәселесі де ерекше назарда. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері тіркелген өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында болған, сондай-ақ көлік құралдарының жану фактілері де кездескен. Негізгі себептер — электр жабдықтарын және пешпен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өрт салдарынан 11 адам көз жұмса, олардың үшеуі балалар. ТЖД деректеріне сәйкес, барлық қайғылы оқиғаларда балалар ересектердің қарауынсыз қалған.
Кеңес барысында еліміздің басқа өңірлерінде орын алған резонансты оқиғалар — Щучинск қаласындағы дәмханада газ-ауа қоспасының жарылуы мен Семейдегі ойын-сауық орталығындағы өрт те тілге тиек етіліп, адамдар көп жиналатын нысандардағы қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов су тасқынына дайындық пен өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Қала және аудан әкімдіктеріне ТЖД-мен бірлесіп халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, әсіресе, көпбалалы отбасылар, қарттар мен әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге ерекше назар аудару міндеттелді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тұрмыстық газ баллондарын және газ жабдықтарын пайдалану барысын қатаң бақылауға алып, газ-техникалық инспекция жұмысына серпін беру жүктелді. Ал Білім басқармасына ата-аналар арасында балаларды қараусыз қалдырмау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен эвакуациялық жаттығулар ұйымдастыру ұсынылды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлермен және адамдар көп жиналатын нысандар иелерімен өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл талаптар, әсіресе, алда келе жатқан Ораза айт пен Наурыз мейрамы қарсаңында өзекті. Жалпы өңірдегі су тасқыны мен өрт қауіпсіздігі жағдайы тұрақты бақылауда.
Фото: Altainews.kz