ШҚО су қоймаларындағы жағдай: гидронысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Жаңалықтар / Төтенше жағдай 18-03-2026, 09:00 1 0

Өңірдегі ірі су қоймаларындағы ахуал тұрақты. Бүгінгі күнгі мәліметтерге сәйкес, гидротехникалық нысандар қалыпты жұмыс режимін сақтап отыр, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.


Ертіс өзені алабында еліміз үшін стратегиялық маңызы зор гидротехникалық нысандар жүйесі – Ертіс су қоймалары каскады орналасқан. Бұл кешен өзен ағынын реттеуде шешуші рөл атқарады.


Ертіс бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі  инспекциясы басшысының орынбасары Ернар Мәдиевтің айтуынша, каскад құрамына бірнеше ірі су қоймасы кіреді. Соның бірі – Бұқтырма су қоймасы. Оның жобалық көлемі 49 620 млн текше метрді құрайды және ол Ертіс өзенінің ағынын көпжылдық реттеуді қамтамасыз етеді.


 

Сондай-ақ, бұл жүйеде Өскемен су қоймасы маңызды орын алады. Жобалық көлемі 655 млн текше метр болатын бұл нысан Бұқтырма су қоймасының қарсы реттеушісі қызметін атқарады.


– Ал Шүлбі су қоймасы маусымдық реттеу міндетін орындайды. Оның жобалық сыйымдылығы 2 390 млн текше метрді құрайды және өзен ағынын жыл мезгілдеріне қарай тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Осылайша, Ертіс өзенінің ағыны толықтай осы су қоймалары каскады арқылы реттеліп, су ресурстарын тиімді пайдалану мен өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Ернар Сламбекұлы.


Бұқтырма су қоймасында су көлемі 36 300 млн текше метрді құрап, бұл жалпы сыйымдылықтың 73,2 пайызына тең. Қоймада 13 320 млн текше метр бос көлем бар. Су келімі секундына 199 текше метр болса, су жіберу көлемі 447 текше метрді құрайды.


 

– Өскемен су қоймасы қарсы реттеуші ретінде транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда мұндағы су көлемі 638 млн текше метрге жетіп, 97,4 пайызды құрайды. Бос көлем – 17 млн текше метр. Су келімі секундына 447 текше метр болса, су жіберу көлемі 417 текше метр деңгейінде. Ал Шүлбі су қоймасында су қоры 2 087 млн текше метрді немесе 75,1 пайызды құрайды. Қоймада 693 млн текше метр бос көлем бар. Су келімі секундына 468 текше метр, ал су жіберу көлемі 651 текше метрге тең, – деді Ертіс бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі  инспекциясы басшысының орынбасары Ернар Мәдиев.


Жалпы алғанда, өңірдегі су электр станцияларының каскады штаттық режимде жұмыс істеп, су ресурстарының қозғалысы тұрақты бақылауда ұсталып отыр.


 

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив