Рамазан айында қайырымдылық пен рухани шаралар көптеп өткізіледі

Қоғам / Жаңалықтар 19-02-2026, 09:30 2 0

Айлардың төресі – Рамазан айы да басталды. Қасиетті айда ауыз бекітуден басқа, тағы неден өзімізді шектеген дұрыс? Кімдерге ораза ұстауға болмайды? Мектеп оқушыларына ораза ұстауға бола ма? Осы және өзге де сауалдарға Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг алаңында Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Сайфуллин жауап берді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Думан Нәдірұлының айтуынша, халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүріндегі жарапазан айту дәстүрі нақ осы Рамазан айының басталғанын білдіретін ізгі амалдардың бірі.


– «Мұхаммед үмбетіне жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деп өлеңдетіп бастап, бір-біріне қасиетті айдың келгенін сүйіншілеп жеткізетін болған. Қазір біз Рамазан айының алдында тұрмыз. Бұл тек  таңертеңнен кешке дейін ас ішуден ғана шектелу емес, өзімізді, жанымыз бен тәнімізді де өзге теріс әдеттерден тазарту. Көзіміз бен аузымызды да келеңсіз көріністерден, оғаш әрекеттерден тыю. Бір сөзбен айтқанда адамзат үшін, қоғам үшін теріс саналатын, ерсі көрінетін барлық жаман әрекеттерден алыстау, – деді Думан Сайфуллин.


Бас имам сондай-ақ бұл ұлық айда  рухани кемелділік салтанат құрып, қайырымдылық амалдары молынан жасалатын, ренжіскен адамдар бір-бірін кешіретін, айналасына барынша жақсылық жасап, көп сауаптар жинауға тырысатын керемет ай екенін де айтып өтті.


  

– Ораза ұстауға келсек, шариғатта барлық адамға бірдей міндет емес. Оның өзіндік шарттары бар. Мәселен, жасқа, денсаулыққа байланысты ораза тұтудан босатылатын жайттар болады. Алла тағала пендесіне шамасы келетін міндеттерді ғана жүктейтінін естен шығармайық. Дәрігердің бақылауында тұрған науқастар, алыс сапарда жүрген мұқтаж пенделер, кәрілік дендеген, ораза тұтуға денсаулығы әлсіз қарт адамдар ұстамағаны абзал. Ал Рамазан сөзінің мағынасына келер болсақ, ол «күйдірген» деген мағынаны білдіреді. Ол дегеніміз, адамның бойындағы жаман әдеттерді күйдіру, жоғалту, күнәлі істерін кешіру дегенге саяды, – деп түсіндірді Думан Нәдірұлы.


Сондай-ақ ол биылға бекітілген пітір-садақа мөлшеріне де тоқталып өтті.


 

– Пітір-садақа мөлшері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі бекіткендей, екі келі ұнның бағасына тең, яғни 735 теңге көлемінде ұйғарылды. Тағы бір айта кетер жайт, садақаны тек мешітке ғана әкеліп беру міндетті емес. Оны садақа беруші кез келген мұқтаж, жағдайы төмен жанға өз еркімен бере алады. Ол оның көршісі, туысы не жақын адамы болуы да мүмкін. Ең бастысы дұрыс ниетпен мұқтаж адамға берілсе болғаны,  – деді бас имам.


Бұдан бөлек бас имамның айтуынша, Рамазан айында өңірде қайырымдылық пен рухани іс-шараларға басымдық беріледі. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтарға азық-түлік себеттерін тарату, мешіттерде күнделікті ауызашар дастархандарын ұйымдастыру, жастарға арналған рухани-танымдық кездесулер өткізу, құран хатымдары мен діни сауат ашу сабақтарын жүргізу ұйымдастырылады.


Айта кетерлігі, тарауық намазын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жасы үлкен адамдарды мешіттен үйлеріне жеткізіп салу үшін тегін қоғамдық көліктер, таксилер жұмысы жолға қойылады.


 

Сондай-ақ, облыстағы мешіттерде кешкілік ауызашар берем, қайырымдылық шараларын өткізем деген кәсіпкер азаматтар үшін де мешіт есігі ашық. Бас имамның айтуынша, қазірдің өзінде оразаның алғашқы 13 күніне өңірдің азаматтар ауызашар беруге кезек алған екен. 


– Рамазан – мейірім мен бірлік айы. Бұл – қайырымдылық жасап, қоғамдағы татулықты нығайтатын ерекше кезең. Сондықтан ай бойы өңірде  ұлттық құндылықтар насихатталып, рухани шараларға басымдық беріледі. Әлеуметтік басқарманың есебінде тұрған мұқтаж отбасыларға, көп балалы отбасыларға облыс кәсіпкерлерінің атсалысуымен қайырымдылық көмектері ұйымдастырылады, – деді баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жанат Мекеева.


Ал Өскемен қалалық №1 емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Дана Қайратова оразаның денсаулыққа әсері туралы айтып, ай бойы ораза тұтқан адамның ағзасы толықтай зиынды қалдықтар мен заттардан тазаратынын, қанды тазартып, артық салмақтан арылатынын, адамға сергектік әкелетінін мәлімдеді.


Дегенмен, дәрігердің ескерткеніндей, жүрек-қан тамырлары, эндокрин жүйесі немесе онкологиялық аурулары бар азаматтар ораза ұстамас бұрын міндетті түрде дәрігерден кеңес алуы қажет.


– Бұл айтылғандар мектеп жасындағы оқушы балаларға да қатысты. Денсаулығы әлсіз болса немесе ораза оқушының сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізсе, ұйқысы дұрыс қанбаса, сабақ кезінде басы айналса, ораза ұстау міндетті емес. Бұл жағдайды ата-аналар да үй жағдайында баса назарға алғаны жөн. Дін өкілдерінің айтуынша, оразаны тек денсаулығы жарамды, тұрмыстық мұқтаждығы жоқ адамдар ұстағаны абзал, – деді Дана Қайратқызы.


Биыл ораза 19 ақпанда басталады, сол күні ауыз бекіткендер, ораза ұстаған болып саналады. Қадір түні 16-нан 17 наурызға қараған түні. Ал ораза айт мейрамы 20 наурызға келеді. Сондықтан биыл мұсылман жамағаты жиыны 29 күн ауыз бекітіледі.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив