
Өңірде референдум барысында заң бұзушылықтар тіркелген жоқ
Бүгінгі референдум барысын облыста учаскелер ашылған сәттен бастап бірнеше қоғамдық ұйымдардың тәуелсіз бақылаушылары тұрақты бақылауда. Олардың қатарында республикалық және шетелдік бақылаушылар да бар, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Мәселен, «Дауыс» тәуелсіз қоғамдық бақылаушылар коалициясының үйлестірушісі Руфит Ахмедзяновтың айтуынша, саяси науқан барысында дауыс берушілердің жоғары белсенділігі бірден көзге байқалған.
– Учаскелер ашылысымен тура уақытында біздің бақылаушылар өз орындарынан табылды. Бірден айтайын электораттың белсенділігі өте жоғары байқалды. Жастар да, жасамыс адамдар да көптеп қатысты. Дауыс беруге келіп қана қоймай, учаскелік комиссия басшыларына жақындап, толғандырған сауалдарын да қойып жатты. Яғни, осыған қарап халықтың саяси көзқарасының жоғарылап, белсенділі артқанын, өз дауыстарының қаншалықты маңызды екендігін түсінгендерін байқадық, – деді ол.
Бұған қоса тәуелсіз бақылаушы Руфит Ахмедзянов таңертеңнен осы уақытқа дейін өздері бақылаған учаскелерде ешқанда заңбұзушылықтың тіркелмегендігін де айтып өтті.
Фото: Altainews.kz