
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету сапасын арттыруға және барлық үдерісті барынша цифрландыруға басымдық берді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш мәлімдеді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Бүгінде облыста көрсетілетін 41 мемлекеттік қызметтің 95 пайызы электронды форматта қолжетімді. Тұрғындар қызметтердің басым бөлігін Электрондық үкімет порталы, Салық төлеушінің кабинеті, e-Salyq Azamat, e-Salyq Business мобильді қосымшалары және екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы ала алады.
«Жыл қорытындысы бойынша 557 909 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның 99,7 пайызы электронды түрде ұсынылды. Қағаз жүзіндегі қызметтер саны 30 пайызға азайды. Бұл кезек күтуді қысқартып, құжаттарды рәсімдеу мерзімін жеделдетуге мүмкіндік берді», – деді Сайранқан Қабыш.
Сонымен қатар, өңірде «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі» толық іске қосылды. Жаңа жүйе құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып, салық төлеушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетті.
Брифинг барысында 2025 жылы ШҚО бойынша 1215 салықтық тексеру жүргізілгені айтылды. Оның ішінде 39 кешенді, 221 тақырыптық, 432 қарсы тексеру, 35 хронометраждық зерттеу және 488 жекелеген мәселелер бойынша тақырыптық тексеру бар.
«Тексерулердің қорытындысы бойынша бюджетке қосымша 4 165,6 млн теңге салық және өсімпұл есептелді. Әкімшілік жауапкершілікке 385 субъект тартылып, 342,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді департамент басшысының орынбасары.
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыштың айтуынша, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлап отырған кәсіпкерлер 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы тиісті хабарлама ұсынуы тиіс екенін жеткізді.
«Егер салық төлеуші белгіленген мерзімге дейін хабарлама ұсынбаса, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне көшіріледі. Сондықтан кәсіпкерлерге салық режимін алдын ала нақтылап, құжаттарын уақытында тапсыруды ұсынамыз», – деді Сайранқан Қабыш.
Сонымен қатар брифинг барысында 2025 жылға арналған көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын атап өтті.
Фото: ӨКҚ