
Облыс орталығында Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында алғаш рет SHYGYS САХНА FEST – I-ші театрішілік фестивалі басталды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Ақпан айының 19-23 аралығын қамтитын мәдени жоба аймақтық театр тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасына айналып, бір шығармашылық кеңістікте төрт театр труппасын біріктірмек.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, фестивальдің басты мақсаты – театр ұжымдарының шығармашылық әлеуетін ашу, сахналық ізденістер мен көркемдік эксперименттерге жол ашу, кәсіби диалог пен тәжірибе алмасуды дамыту.
– SHYGYS САХНА FEST – жанрлар мен стильдердің, идеялар мен көзқарастардың тоғысқан алаңы. Мұндағы қазақ, орыс, оперетта және жастар труппалары өз табиғатына сай көрермен назарына өзіндік сахналық тілін, актерлік шеберлігін және режиссёрлік көзқарасын ұсынады. Фестиваль бағдарламасы аясында түрлі жанрдағы қойылымдар көрсетіліп, театр өнерінің көпқырлы болмысы айқын көрініс табады. Барлығы 14 аталым бойынша үздіктер анықталады, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыстық Мәдениет басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ләззат Жұмашева.
Фестиваль аясында театрлық қойылымдарды арнайы шақырылған кәсіби театр сыншылары бағалап, сараптамалық пікірлерін білдіретін болады.
Атап айтқанда, фестивальге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұстаздары, республикаға танымал театртанушылар Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова және Айжан Ахмет қатысады. Олардың кәсіби бағасы труппалардағы шығармашылық үдерісті терең талдауға және театр ұжымдары үшін маңызды тәжірибелік бағыт-бағдарды айқындауға мүмкіндік бермек.
– Фестиваль көрерменге театрды ішінен тануға, сахна артындағы шығармашылық аураны сезінуге және театр мен көрермен арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады. Оның үстіне Өскемен театрында төрт бірдей театрдың бірге орналасуы шығармашылық деңгейді көтеруге үлкен мүмкіндік. Мұнда актерлердің, режиссерлердің, жалпы ұжымның шығармашылық еңбегі бағаланады. Бұл біз үшін де жаңалық болып отыр. Қолдау білдірген облыстық театрдың, мәдениет басқармасының басшыларына алғыс білдіреміз. Баршаларыңызды театрішілік фестивальдің ашылуымен құттықтаймын әрі сәттілік тілеймін, – деді театртанушы, өнертану кандидаты, халықаралық театр жобаларының сарапшысы, кәсіби сыншы Анар Еркебай.
Сонымен SHYGYS САХНА FEST – Шығыстағы театр өнерінің дамуына тың серпін беретін, шығармашылық батылдық пен жаңашыл ойды дәріптейтін мәні зор мәдени шара болмақ. Сонымен қатар келер жылы да дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.
Бүгін кешке фестиваль шымылдығы облыс орталығындағы Т.Тоқтаров көшесі, 47а мекенжайында орналасқан бұрынғы театр ғимаратында Н.Серікпаевтың режиссерлігімен сахналанатын Б.Андерссон мен Б.Ульвеустің «Mamma mia» музыкалық спектаклімен ашылмақ.
Төрт күнге созылатын мәдени шараға барша театр сүйер қауым, мәдениет және өнер өкілдері шақырылады.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі, ШҚО Мәдениет басқармасы