Шығыстағы Шалқар көліне шетелден де туристер келеді

Спорт / Жаңалықтар 31-01-2026, 17:00 3 0

Шалқар көлінде ұйымдастырылған мұз шоуы өңір тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Бүгінгі шараға 500-ге жуық адам келді. Қала тұрғындарымен қатар облыстың әр ауданынан келген қонақтар табиғи мұз айдынында өтетін ерекше көріністі тамашалауға жиналды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі. 

Биыл қыс мезгілінде шараның кештеу ашылуына ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Қаңтар айында мұздың қалыңдығы жеткіліксіз болып, қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Алайда өткен аптадағы қатты аяздардың нәтижесінде көл бетінде мұз жеткілікті деңгейге жетіп, көпшілік шараны өткізуге мүмкіндік туды. 

 

Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаеваның айтуынша, мұз шоуын өткізу барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.


Мұнда барлық қажетті қауіпсіздік мамандары жұмылдырылды, келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Шалқар көлі қысқы туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отырған табиғи мұз айдыны, деді ол.

 

Шара барысында келушілерге қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, санитарлық-гигиеналық тораптар жылы күйде ұйымдастырылып, конькилерді жалға беру қызметі көрсетілді. Қонақтарға тегін ыстық шай ұсынылып, жылы киіз үйлер тігіліп, тамақтану орындары жұмыс істеді.

Мұз айдынында өңірдің жас жұлдыздары конькимен сырғанаудан шеберлік сабақтарын өткізсе, хоккей секциясының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, мұз үстінде алғаш рет тұрған келушілерге арнайы нұсқаушылар сырғанаудың қыр-сырын үйретті.

  

Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде Шалқар көліне деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Мұнда тек қала мен облыс тұрғындары ғана емес, көрші мемлекеттерден, тіпті Еуропа елдерінен келген туристер де жиі келеді. Табиғи көркемдігі мен қысқы спорт түрлеріне қолайлы жағдайы көлді танымал туристік нысанға айналдыруда.

 

Мұз үстінде ұйымдастырылатын осындай шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың белсенді демалысын дамытуға да серпін береді. Шалқар көліндегі мұз шоуы – табиғат пен өнер үйлесім тапқан, қыстың көркін айшықтайтын ерекше оқиға. 


Жансая Саянқызы


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив