Облыс әкімі XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылармен кездесті

Спорт / Жаңалықтар 22-01-2026, 10:30 2 0

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алған өңір спортшыларымен кездесті. Дүбірлі дода 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.


Кездесуге облыстық басқармалардың басшылары, спорт мектептерінің директорлары және аймақтың үздік спортшылары – Қазақстан ұлттық құрамасының фристайл-могул бағытындағы өкілдері қатысты.


Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Анастасия Городко, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі могулист Павел Колмаков, - болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы Аулым Әмренова және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Юлия Галышева бар.


 

– Сіздер үшін бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ел намысын, Шығыс Қазақстан облысының абыройын төрт жылда бір өтетін басты спорттық додада қорғау – әр спортшыға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Олимпиадаға бару – көпжылдық еңбектің, табандылық пен өз күштеріңізге деген сенімдеріңіздің жемісі. Ұлттық құраманың сапында өңіріміздің лайықты өкілдері бар екенін мақтан тұтамыз. Сіздер баршамызға шабыт сыйлап, жастарға үлгі болып отырсыздар, – деді Олимпиада жолдамасын жеңіп алған спортшыларға ізгі лебізін білдірген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.


Сондай-ақ аймақ басшысы спортшыларды дайындауға үлес қосқан бапкерлерге, дәрігерлерге, мамандарға және осы жолда қолдау көрсеткен барша жандарға алғысын білдірді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар алдағы уақытта да спортты дамытуға және жаңа чемпиондарды даярлауға тиісті жағдайды жалғастыра береді.


Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі олимпиадашыларға зор денсаулық және сәтті өнер көрсетулеріне тілек білдірді.


– Шығыс Қазақстан облысының және мұқым еліміздің аты олимпиадалық ареналарда лайықты деңгейде атала берсін. Біз сіздерге сенеміз және мақтан тұтамыз!, – деді облыс басшысы.


 

Анықтама: XXV қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады. Жарыстар спорттың 16 түрі бойынша өтеді. Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға қатысуы халықаралық лицензиялық іріктеуден сәтті өтуінің нәтижесінде мүмкін болды. Шығыс Қазақстан елдегі қысқы спорттың жетекші орталығыекенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив