
Команда Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 халықаралық турнирінде M13 AA-ÉLITES санатында чемпион атанды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Тарқатып айтар болсақ, 2013 жылы туған ойыншылардан жасақталған Astana Team құрамасы тек Астана қаласынан ғана емес, Қазақстанның өзге де командаларынан – Өскеменнің «Торпедо», «Астана» ХК, Қарағандының «Юность» және Алматының «Тайгерс» клубтарынан құралған.
Бұл жетістіктің мәні айрықша. Себебі Канада — хоккейдің отаны саналады. Дәл осы елде 1875 жылы жабық ғимаратта алғашқы ресми хоккей матчы өткен. Сондықтан хоккей ұлттық спорт деңгейіне көтерілген мемлекетте топ жару — үлкен абырой.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Team балалар хоккей командасын халықаралық жарыстағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшысы қазақстандық клубтың сенсациялық жетістігі отандық спорттағы айтулы оқиға екенін атап өтті. Президент жоғары шеберлік деңгейі мен жеңіске деген ынта-жігерін паш етіп, ақтық сында хоккейдің отаны саналатын канадалықтардан басым түскен өрендерімізге ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жас хоккейшілердің алдағы уақытта да табанды түрде жаттығып, күш-қайраттарын шыңдап, бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестік танытты.
Жеңіске жеткен жас хоккейшілердің арасында Өскемен қалалық білім бөліміне қарасты №11 мектеп-лицейінің 6 «Д» сынып оқушысы, «Торпедо-2013» хоккей командасының ойыншысы Ярослав Ногин де бар. Оны дүбірлі додаларға шайбалы хоккейден жаттықтырушы-оқытушылары – А.Мазняк, М.Качулин, Е.Ляпунов, Е.Черепановтар дайындап келеді.
Хоккей мамандарының айтуынша, бұл – турнир күш деңгейі бойынша екінші санат саналады. Атауында «Élites» (элита) сөзі болғанымен, турнир иерархиясында бұл деңгей AAA санатынан төмен орналасқан. Ол AAA деңгейіне әлі іріктеуден өтпеген дарынды ойыншылар үшін аралық баспалдақ саналады және көбіне іріктеу деңгейі сәл төмендеу аймақтар мен лигалардың командаларына арналған.
Жерлесіміз, 2013 жылы 11 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген Ярослав Ногин 2021 жылы «Алма Сервис» ЖШС-нің «Торпедо» хоккей мектебіне қабылданып, «Торпедо-2013» командасының құрамына енді. Хоккеймен 5 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді.
Ол осы уақыт аралығында «Торпедо – 2013» командасының құрамында «Кубок Федерации» республикалық турниріне, Қазақстан Республикасының чемпионатына және халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше рет чемпион әрі жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Канадада өткен M13 AA-ÉLITES дивизионының шешуші ойынында қазақстандық команда «Монреаль» ұжымын буллиттер сериясында айқын жеңді. Негізгі ойын уақыты 3:3 есебімен тең аяқталған болатын.
Жас хоккейші Ярославты хоккей чемпионатындағы лайықты өнер көрсетуімен жерлестері де шын жүректен құттықтауда.
– Біздің Ярослав мұз айдынында жеңіске деген жігерін, керемет шеберлігін және мінезін көрсете білді. Біз оқушымыздың жетістіктерімен мақтанамыз және алдағы уақытта тек биік жетістіктер және алтын медальдар тілейміз! Тек алға!, – дейді өзі оқитын №11 мектеп-лицейінің ұжымы.
Фото: ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы және olympic.kz