
Алдымыздағы 14 ақпанда Өскемендегі «Ольга Рыпакова» атындағы жеңіл атлетика орталығында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған XI халықаралық турнир жалауын көтереді. Бұл айтулы дода әлемнің 11 елінен келетін 150-ден астам үздік спортшы мен болашағынан үміт күттіретін жас дарындардың басын қоспақ, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Бұл жолғы турнирдің географиясы ауқымды. Жарыс жолында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Украина, Армения, Үндістан, Грекия, Түркия және Литва спортшылары бақ сынайды.
Турнирдің жоғары деңгейі мен халықаралық мәртебесі шетелдік ұлттық құрамалар мен федерациялардың тұрақты қызығушылығымен дәлелденуде. Сонымен қатар, бұл дода Әлем чемпионатына қатысу үшін біліктілік нормативтерін орындауға мүмкіндік беретін маңызды спорт алаңы болмақ.
Қазақстан құрамасы сан мен сапа
Турнир қожайыны ретінде Қазақстан ең үлкен құраммен қатысады. Еліміздің намысын 89 спортшы (41 ер, 48 әйел) қорғайды. Отандық атлеттер бағдарламаның барлық түрлерінде – спринт, орта және ұзақ қашықтықтар, кедергілер арқылы жүгіру және техникалық дисциплиналар бойынша өнер көрсетеді.
Ұлттық құрама сапындағы басты үміткерлер:
* Ерлер: Давид Ефремов (60 м к/ж), Виталий Земс, Алмат Төлебаев (60 м), Эльнор Мухитдинов, Андрей Соколов, Ефим Тарасов (400 м), Иван Товченик (сырықпен секіру), Тахир Қадырқұлов, Зелимхан Насыров (үш қарғып секіру).
* Әйелдер: Ольга Сафронова (60 м), Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Кристина Овчинникова (биіктікке секіру), Анастасия Рыпакова (ұзындыққа секіру), Мария Ефремова (үш қарғып секіру), Юлия Башманова (60 м к/ж), Аделина Земс (400 м).
Спорттық бағдарлама
Көрермендер назарына ерлер мен әйелдер арасындағы 60 м, 400 м, 800 м және 3000 м қашықтықтарға жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, сондай-ақ секіру түрлері мен ядро лақтырудан тартысты бәсекелер ұсынылады. Турнирдің ең қызықты сәттерінің бірі – 4х200 метрлік аралас (микс) эстафета болмақ.
Өтетін орны: Өскемен қаласы, «Ольга Рыпакова» жеңіл атлетика орталығы. Турнир 14 ақпан күні, сағат 16:30 басталады, көрермендер үшін кіру тегін!
Ұйымдастырушылар барша спорт сүйер қауымды әлемдік деңгейдегі жеңіл атлетика мерекесін тамашалауға шақырады.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Altainews.kz