Бала үшін ең қолайлы орта – өзінің туған отбасы

Жаңалықтар / Қоғам 19-02-2026, 12:30 2 0

Аймақтық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өңірдегі медициналық ұйымдар әлеуметтік қызметкерлерінің қатысуымен әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мәселелеріне арналған кездесу өттідеп хабарлайды Ilove-ulan.kz  тілшісі. 

Іс-шараға республика аумағында 10 жылдан астам уақыт бойы отбасыларды қолдау және балаларды өз туған отбасында сақтап қалу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры бастамашы болды.


 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, талқылаудың негізгі өзегі – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектордың күш-жігерін біріктіру. 


– Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу – тек мемлекеттік міндет қана емес, ортақ әлеуметтік жауапкершілік аймағы. Әртүрлі сала мамандарының серіктестігі ғана дағдарысты жағдайларды дер кезінде анықтап, баланың туған отбасынан ажырап қалмауына мүмкіндік береді, – дейдіреспубликалық "АНА ҮЙІ" қоғамдық қоры өңірлік ресурстық орталығының психолог-координаторы Мария Лилисон.


Кездесу барысында қатысушылар ынтымақтастықтың нақты тетіктерін, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу барысында туындайтын өзекті мәселелерді және ерте әрекет ету жүйесін тиімді құру жолдарын талқылады. Әсіресе, балалардан бас тартудың алдын алу жүйесіндегі негізгі буындардың бірі ретінде медициналық ұйымдардың рөліне ерекше назар аударылды.


 

– Бала үшін ең қолайлы орта – отбасы. Өкінішке қарай, біз көбіне салдарымен ғана күресеміз. Ал шын мәнінде, қауіпсіз ортада балалық шақты сақтау үшін кәсіби ресурстарды біріктіріп, алдын алу бағытында жұмыс істеуіміз қажет. Сондықтан бұл диалогтың стратегиялық мақсаты – Қазақстанда әлеуметтік жетімдікті жай ғана азайту емес, тұрақты салааралық ынтымақтастық арқылы оны біртіндеп, түбегейлі жою. Өзіңіз ойлаңызшы, баланы кешке балабақшадан тәрбиешінің күтіп алуы бір басқа да, өз ата-анасының келіп тосып алуы мүлдем басқа ғой. Ал оны кішкентай болса да, сәбилер жақсы түсінеді, – деді кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, республикалық " АНА ҮЙІ" қоғамдық қоры өңірлік ресурстық орталығының үйлестірушісі Наиля Оңғарбаева.


Анықтама ретінде айта кетсек, «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры 13 жылдан бері жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйлеріне түсетін балалар санын азайту мақсатында қайырымдылық қызметін жүзеге асырып келе жатқан қор.


 

«Ана үйі» жобасы жаңа туған сәбиімен бірге қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға үздіксіз көмек көрсетуде. Жобаның мақсаты – ананың баласынан бас тартуына жол бермеу және сәбиді туған отбасында сақтап қалу. 


Бүгінде Қор Қазақстанның 16 өңірінде 18 «Ана үйі» орталығын ашып, нәтижелі жұмыс жүргізуде. 2013 жылдан бері көрсетілген уақтылы көмектің арқасында 11 136 бала өз отбасында тәрбиеленіп келеді.


 

Фото: Altainews.kz


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив