Үш мыңнан астам көрерменге киберқылмыс пен нашақорлықтың қаупі түсіндірілді

Құқық / Жаңалықтар 28-01-2026, 14:00 3 0

Қ.Мұңайтпасов атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен сегіз мемлекеттің спортшылары қатысқан STEPPE BOXING 1 халықаралық кәсіпқой бокс турнирі аясында облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Киберполиция қызметкерлері халық арасында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.


Негізгі назар киберқылмыстың, оның ішінде дропперліктің алдын алуға, сондай-ақ жастар арасындағы нашақорлыққа жол бермеуге аударылды.


Көрермендерге интернет-алаяқтықтың кең таралған әдіс-тәсілдері түсіндіріліп, банк карталары мен жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге болмайтыны ескертілді.


Сондай-ақ, заңсыз әрекеттерге қатысудың құқықтық салдары туралы ақпарат берілді. Бұдан бөлек, есірткі заттарының зияны мен олардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік туралы алдын алу әңгімелері жүргізілді.


Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков  киберқылмыстың алдын алуда дропперлік тақырыбының өзектілігіне тоқталды.


– Жастарға банк карталары мен жеке деректерді берудің соңы ауыр құқықтық салдарға әкеп соқтыратынын түсіндіру өте маңызды. Мұндай бұқаралық іс-шараларда жүргізілетін профилактикалық жұмыстар ерекше тиімді әрі өз нәтижесін береді, – деді федерациясы президенті.

Белгілі блогер Қайрат Олжас та бұл бастаманы қолдады.


– Дропперлік – бұл жай ғана көмек емес, бұл қылмыстық схемаға қатысу деген сөз. Бұл туралы неғұрлым ашық айтылса, жастардың сауаттылығы артып, заңсыз істерге тартылу қаупі соғұрлым төмендейді, – деді блогер.

Өңірдегі полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай форматтағы жұмыс спортты, салауатты өмір салтын және азаматтарды қауіпсіздік шаралары мен жауапкершілік туралы уақытында ақпараттандыруды ұштастыра отырып, үлкен аудиторияны қамтуға мүмкіндік береді.


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив