
Өткен жыл Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы үшін бизнес құқықтарын қорғау саласында ең нәтижелі кезеңдердің бірі болды. Құқықтық қорғау бағыты өзінің сұранысқа ие әрі практикалық тұрғыдан тиімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кәсіпкерлер тек кеңес алып қана қоймай, бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіріп, қаржылық шығындардың алдын ала алды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Өткен жылы ШҚО Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен 130 өтініш келіп түскен. Оларды қарау нәтижесінде 113 кәсіпкердің құқықтары қорғалды, ал қалпына келтірілген және алдын алынған қаржылық шығындардың жалпы көлемі 5,5 млрд теңгеден асқан.
Құқықтарды қорғау кеңесі: күрделі мәселелерді талқылайтын алаң
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың негізгі құралдарының бірі — Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес. Дәл осы алаңда бизнес үшін ең өзекті әрі жүйелі мәселелер – жер және салық даулары, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қаралады.
2025 жылы Кеңестің 16 отырысы өткізіліп, онда 39 мәселе, оның ішінде 32 проблемалық мәселе қаралды. Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша 77 ұсыным қабылданды.
НҚА-ға сараптама: бизнес мүддесін ескеру
Сараптамалық қызмет аясында да ауқымды жұмыс атқарылды. Бір жыл ішінде Палатаға жергілікті атқарушы органдардың 188 нормативтік құқықтық актінің (НҚА) жобасы келіп түсті. Оның 15 жобасы бойынша ескертулермен сараптамалық қорытындылар дайындалды.
Проблемалар тізілімі және прокуратурамен өзара іс-қимыл
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімі кәсіпкерлер проблемаларының республикалық тізіліміне енгізілген мәселелерді тұрақты негізде сүйемелдейді. Бұл тетік бизнес тап болатын ең өткір кедергілерді жүйелі түрде тіркеуге және оларды өңірлік әрі республикалық деңгейде шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар прокуратура органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Прокуратурамен бірлесіп облыстың барлық қалалары мен аудандарында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді топтар қызмет атқарады. Олардың құрамына Палата өкілдері мен аумақтық прокурорлар кіреді.
Бизнес үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында облыстық прокуратураның сайтында «Бизнес қорғау» атты арнайы бөлім ашылып, онда мобильді топтардың байланыс деректері, өзекті ақпарат пен түсіндірмелер орналастырылған.
Бірлескен жұмыс аясында инвесторлардың проблемалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі міндет – инвестициялық жобаларды іске асыру барысында ғана емес, инвесторлардың күнделікті қызметінде де, оның ішінде мемлекеттік органдармен және инфрақұрылымдық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде туындайтын қиындықтарды тиімді әрі уақтылы шешу.
Сонымен қатар ШҚО Кәсіпкерлер палатасы 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыруға белсенді қатысуда. Бұл бағыттағы жұмыс құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өңірде бизнесті жүргізу үшін болжамды әрі ашық жағдайлар жасауға бағытталған.
Құқықтық ағарту және жаңа жобалар
2025 жылы ШҚО Кәсіпкерлер палатасы құқықтық ағарту жұмысын күшейтті. Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп «Бизнес және салықтар» жобасы іске қосылды, ол 2026 жылы да өз жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар жылдың соңында «Заңгер кеңесі» ақпараттық-ағартушылық жобасы басталды. Бұл – заңнамадағы өзекті өзгерістерді түсіндіруге арналған қысқа бейнероликтер форматы.
Соттармен және құқық қорғау органдарымен диалог
«Сіздің құқығыңыз» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Оның аясында кәсіпкерлер ШҚО-ның мамандандырылған соттарының судьяларымен кездеседі. 2025 жылы құқықтық сауаттылықты арттыруға және сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған 5 эфир өткізілген.
Сондай-ақ ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен ынтымақтастық белсенді дамуда. «Адал бизнес» жобасы аясында бір жыл ішінде 19 бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.
Жыл қорытындылары көрсеткендей, Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасының жүйелі әрі мақсатты жұмысы бизнес өтініштеріне жедел жауап беріп қана қоймай, өңірде қолайлы және болжамды кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға ықпал етіп келеді.
Фото: ШҚ Кәсіпкерлер палатасы