Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілген өзгерістер талқыланды

Құқық / Қоғам 21-01-2026, 16:30 2 0

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында 2025 жылғы 17 желтоқсанда күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Судья Махаббат Мағзұмованың мәлімдеуінше, өзгерістер шартты түрде екі топқа бөлінеді – әкімшілік рәсімдер бөлігіндегі өзгерістер және әкімшілік талап-арыздың жаңа түрін – бағынысты нормативтік құқықтық актінің (НҚА) заңдылығына дау айту институтын енгізу.

– Әкімшілік актіде оны шағымдану тәсілдері туралы ақпарат болмаған жағдайда, мұндай актіге шағым тұлғаға оның қабылданғаны белгілі болған күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін, – деп атап өтті судья.

Оның айтуынша, енді заңнамада азаматтар мен заңды тұлғалардың егер бағынысты НҚА олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса немесе бұзуы мүмкін болса, оны сот тәртібімен даулау құқығы көзделген.

Ал бағынысты НҚА заңсыз деп танылған жағдайда, сот оның қай заңдарға қайшы келетінін көрсетіп, оны толық немесе ішінара қабылданған сәтінен бастап жарамсыз деп таниды. Сот шешімі актіні қабылдаған органның қаражаты есебінен міндетті түрде жариялануға жатады.

Кәсіпкерлер палатасында «Сіздің құқығыңыз» жобасы сот пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалог үшін тиімді алаңға айналғаны атап өтілді.

Мұндай кездесулер кәсіпкерлерге сот тәжірибесін тереңірек түсінуге, заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы білуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және өз мүдделерін заңды тәсілдермен қорғауға мүмкіндік береді, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жәңгірханова.

Облыстың Кәсіпкерлер палатасы бизнес үшін ашық әрі болжамды құқық қолдану ортасын қалыптастыруға бағытталған, сот органдарымен бірлескен құқықтық жобаларды алдағы уақытта да жалғастырады. 


Фото: ШҚ облыстық Кәсіпкерлер палатасы


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив