Бизнесті қорғаудың жаңа мүмкіндіктері: әкімшілік сот жұмысының қорытындылары және кодекске енгізілген түзетулер

Қоғам / Жаңалықтар 21-01-2026, 15:30 1 0

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ШҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьяларымен бірлескен «Сіздің құқығыңыз» құқықтық диалогы жобасын кезекті рет жүзеге асырды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Кезекті кездесу 2025 жылдағы құқық қолдану тәжірибесінің қорытындыларына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (ӘРПК) енгізілген негізгі өзгерістерге арналды.

ШҚО МАӘС төрағасы Ернар Амерхановтың айтуынша, 2025 жылдың 12 айында сотқа 836 әкімшілік іс түскен. Өткен жылдан қалған 80 істі ескере отырып, барлығы 916 іс қаралған.

Түскен істердің ең көп бөлігі келесі санаттарға тиесілі:

·        сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту – 282 іс (жалпы санның 33,7%-ы), оның ішінде 253 іс – жеке сот орындаушыларына қатысты;

·        жер даулары – 105 іс (12,5%);

·        мемлекеттік сатып алулар саласындағы даулар – 66 іс (7,8%);

·        еңбек даулары – 26 іс (3,1%).

Сонымен қатар бірқатар санаттар бойынша талап-арыздар санының азайғаны байқалды:

·        салық даулары – 80 іс (9,5%);

·        тұрғын үй даулары – 54 іс (6,4%);

·        мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы даулар – 33 іс (3,9%), оның ішінде 17 іс – «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-қа қатысты.

Істерді қарау нәтижесі бойынша талап-арыздардың қанағаттандырылу деңгейі 57 пайызды құрады. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, талап қоюшылардың пайдасына шығарылған шешімдер үлесінің 73 пайыздан 57 пайызға төмендеуі мемлекеттік органдар жұмысы сапасының артуымен, қалыптасқан сот тәжірибесінің ескерілуімен, сондай-ақ дауларды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу тетіктерінің белсенді қолданылуымен байланысты, – деді Ернар Амерханов.

Фото: ШҚО Кәсіпкерлер палатасы

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив