Туризмді дамыту Шығыс Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарының бірі

Туризм / Жаңалықтар 22-01-2026, 11:30 1 0

Былтырғы 2025 жылы инфрақұрылым, бизнес жүргізу шарттары және туристік жобаларды мемлекеттік қолдау мәселелері Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының жүйелі жұмысының өзегіне айналды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.


Облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ринат Әліммбаев осы бағыттағы жұмыстың қорытындылары туралы айтып берді.


Палата бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын ретінде қызмет атқарады. Оның базасында кәсіпкерлердің мәселелерін талқылау және практикалық шешімдер іздеу үшін тұрақты алаңға айналған туризм жөніндегі салалық кеңес жұмыс істейді. 8 отырыс өткізіліп, онда 10 проблемалық мәселе қаралды.


– Ең алдымен, бұл инфрақұрылымдық шектеулер. Туристік нысандарға апаратын кірме жолдардың жай-күйі, электрмен жабдықтаудың тұрақтылығы, инженерлік желілердің болуы және көлік логистикасы мәселелері туралы сөз болып отыр, – деді Ринат Әлімбаев.

Оның айтуынша, электр энергиясының өшу қаупі де ерекше алаңдаушылық тудырды. Электр беру желілерінің тозуы, өткізу қуатының жеткіліксіздігі және нақты жауапты оператордың болмауы туристік маусымның қызған шағында демалыс базаларының қалыпты жұмысына қауіп төндірді.


Коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл мәселелері де өзекті болды. Кәсіпкерлер шарттардың күрделі әрі көбіне туризм бизнесінің ерекшелігіне бейімделмегенін, әсіресе сұйық қалдықтарды шығару бөлігінде қиындықтар бар екенін атап өтті. Рұқсатсыз қоқыс орындарының болуы және туристік аумақтардың санитарлық жағдайына жүйелі бақылаудың жоқтығы бұл проблеманы одан әрі ушықтырды.


Тағы бір маңызды аспект – бизнесті жүргізудегі тең емес жағдайлар. Заңды демалыс базалары келісімшарттар негізінде жұмыс істеп, заң талаптарын сақтағанымен, жекелеген жеке нысандар тиісті бақылаусыз және міндеттемелерсіз қызметін жалғастырып келеді.


Сонымен қатар, кәсіпкерлер орман қоры жерлерінде туризмді дамыту мәселесін қайта көтерді. Қысқы спорт түрлері мен тау шаңғысы туризмінің әлеуетін ескерсек, бұл Шығыс Қазақстан үшін ерекше өзекті. Алайда қолданыстағы заңнамалық шектеулер мен қорғалатын аумақтар мәртебесі бұл бағыттың дамуын әлі де тежеп отыр.


Бизнеске консультациялық және құқықтық қолдау да көрсетілді, оның ішінде мемлекеттік қолдау және субсидиялау бағдарламаларына қатысу мәселелері бойынша айтылды.


Сұранысқа ие механизмнің бірі – «Ауыл Аманаты» бағдарламасы болды. Оның аясында туризм басым бағыт ретінде айқындалған.Ал кәсіпкерлер қонақ үйлердісалу және дамыту үшін жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізеді. Жобаларды сүйемелдеу «Өскемен Атамекен» МҚҰ арқылы жүзеге асырылады.


Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, мемлекет пен бизнес арасындағы жүйелі жұмыс пен өзара іс-қимыл жағдайында Шығыс Қазақстан облысы елдің туристік картасындағы өз позициясын айтарлықтай нығайта түспек.


 

Фото: ШҚО кәсіпкерлер палатасы


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив