
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әр облыста аутизм спектріндегі балалар сияқты ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтар ашуды тапсырды, бұл мүгедектігі бар балаларды оңалту жүйесін дамытуға бағытталған және инклюзивті саясатты жүзеге асырудың маңызды бөлігі болып табылады. Президент бұл орталықтарды ашу арқылы ерекше балалардың толыққанды білім алуына және оңалту қызметтерін алуына мүмкіндік жасауды мақсат еткен.
Ел Президентінің тапсырмасы аясында Бозанбай ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.
Оңалту орталығының ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, өз сөзінде: «Облыс бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған реабилитация орталықтарын ашу, оның ішінде аутизм спектріндегі балаларға баса назар аударылуда. Мақсат- мүгедектігі бар балаларды оңалту жүйесін дамыту, инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету және барлық балалардың толыққанды білім алу құқығын іске асыру екендігін айтып, бұл орталық сіздер үшін күш пен сенім сыйлайтын орынға айналсын. Кәсіби мамандармен бірлесе отырып, балаларымыздың болашағы үшін бірге еңбек етеміз», – деді.
Орталық ауылдық жерлерде әлеуметтік және инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «BAQUATTY AIMAQ» бастамасы аясында жүзеге асырылды. «Baquatty aimaq qory» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» бірыңғай қайырымдылық операторы қолдау көрсетті.
Оңалту орталығында аутизм спектрінің бұзылыстары, менталдық және психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Яғни, түзету, дамыту және әлеуметтік жұмыс жүргізуге барлық жағдай жасалған. Емдік дене шынықтыру залдары, тұзды және шунгит бөлмелері, сенсорлық интеграция, ерте араласу, еңбек терапиясы, роботтехникасы кабинеттері, ойын және демалыс бөлмелері бар. Бес күндік стационар 50 баланы қабылдауға есептелген, сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін 70-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа орталықтың негізгі ерекшелігі – оның бір ғана медициналық бағытпен шектелмей, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінің әлеуетін біріктіруі. Бұл – тек емдеу ғана емес, баланың өмір сапасын тұтастай жақсартуға бағытталған платформа. Ерте араласу дегеніміз – баланың дамуындағы қиындықтарды мүмкіндігінше ерте анықтап, соған сәйкес оңалту шараларын бастау.
Инабат Акетпаева