
Шығыс Қазақстанда қысқа мерзімді курстар арқылы кәсіби кадрларды даярлаумен айналысатын кәсіпкерлер оқытуды бастау мерзімдерін қайта қарау жөнінде бастама көтерді.
Олардың айтуынша, қолданыстағы кесте бизнестің қажеттіліктері мен маусымдық жұмыстардың ерекшелігін ескермейді.
Бұл мәселе арнайы комиссияның отырысында облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан тарапынан көтерілді. Ол оқытудың маусым айында басталуы маусымдық жұмыстардың қызған шағымен тұспа-тұс келетінін, ал дәл осы кезеңде жұмыс берушілер дайын мамандарға аса мұқтаж болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл бастаманы іске асыру үшін конкурс рәсімдерін өткізу мерзімдерін де қайта қарау қажет.
Кәсіпкерлердің бұл ұстанымын облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері де қолдады. Ведомство өкілдері бизнестің ұсынысы негізді екенін және ол қолданыстағы нормативтік талаптар мен бюджеттік рәсімдерді ескере отырып қарастырылатынын атап өтті.
Аймақтық Кәсіпкерлер палатасында мұндай өзгерістердің басты мақсаты – кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты қажеттіліктерімен үйлестіру, маусымдық салалардағы (туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс) жұмыс күші тапшылығын азайту және қысқа мерзімді курстар түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру екені айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша бұл мәселе алдағы шешімдерді әзірлеу және келесі жылғы оқыту кестелерін мүмкіндігінше түзету үшін қарауға қабылданды.