Қазақстан «Жер сағаты» акциясына биыл да қосылады

Жаңалықтар / Экономика 27-03-2026, 10:00 2 0

28 наурыз күні Қазақстанда бір сағатқа жарық өшіріліп, климаттың өзгеруі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударуға бағытталған жаһандық экологиялық бастамаға қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Қазақстан жыл сайын әлемнің миллиондаған тұрғынын біріктіретін «Жер сағаты» халықаралық акциясына биыл да қатысады. 2026 жылы еліміздің бұл бастамаға қосылғанына он жеті жыл толмақ. Қазақстан алғаш рет 2009 жылы қоғамдық ұйымдар мен еріктілердің қолдауымен акцияға атсалысқан болатын.


Акцияның мәні өзгермейді: белгіленген уақытта тұрғындар, мекемелер мен ұйымдар жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өз еркімен өшіреді. Биыл елімізде бұл шара 28 наурыз күні сағат 20:30-да өтеді. Осылайша, қатысушылар табиғатты аялау мен энергияны үнемдеу идеясына символикалық қолдау білдіреді.


Дәстүр бойынша акция аясында еліміздің әр қаласында әкімшілік ғимараттар мен танымал нысандардың архитектуралық жарықтандыруы уақытша сөндіріледі. Бұл шара электр энергиясын үнемдеу үшін емес, жаһандық экологиялық қозғалысқа ортақ қолдауды білдіретін белгі ретінде жүзеге асырылады.


Аталған бастама ерікті түрде өтеді және оған қатысу үшін арнайы талаптар қойылмайды. Бар болғаны бір сағатқа жарық пен тұрмыстық техниканы пайдаланудан бас тарту жеткілікті. Көпшілік бұл уақытты отбасы аясында өткізіп, таза ауада серуендеп немесе электронды құрылғылардан демалып, рухани тынығуға мүмкіндік ретінде қабылдайды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жер сағаты бір реттік акция ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салатын маңызды бастама.


Фото:gov.kz


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив