Қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілде қаралған істер саны артып келеді

Жаңалықтар / Қоғам 20-03-2026, 10:00 1 0

Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабына сәйкес  Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады. Бұл туралы Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен брифингте айтылды Ilove-ulan.kz тілшісі.

  Ауданаралық сотта айтылғандай, жаңа Конституцияға байланысты қазақ тіліндегі КПК-тің редакциясына өзгеріс енгізудің қажеті жоқ, себебі қазіргі редакцияда «қатар» деп көрсетілген, орыс тіліндегі редакцияда «наравне» деп жазылған.


  Бастапқыда процессуалдық құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.


  Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Ерхат Жәлелов брифингте атап көрсеткендей, іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктемелер және айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар беру, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.


  Сондай-ақ, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi.


  – Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына                 2024 жылы 580 іс түссе, оның 57-сі мемлекеттік тілде өтті, ал 2025 жылы қаралған 578 істің 63-і қазақ тілінде жүргізілді. Біздің сот қылмыстық істерді қараумен қатар үкімді орындау кезiндегі мәселелерді қарайды. Олар – жазаның түрін ауыстыру, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін өзгерту, жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату және тағы басқалар. Осы мәселелер бойынша 2024 жылы 2 401 өтінішхат (ұсыным) түссе, оның 351-і мемлекеттік тілде болды, 2025 жылғы 3 332 ұсынымның 452-сі қазақ тілінде жасалды, – деді Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Ерхат Жәлелов.


Судья айтқандай, қылмыстық істерді сотта қарау кезінде алдымен сотталушының кінәсі бар ма, жоқ па, жәбірленушінің құқығы қалай бұзылды, сол мәселелер басты маңызға ие.


– Мұнда мемлекеттік тілдегі істердің саны үшін сот ісін жүргізу тілін мәжбүрлі түрде қазақ тіліне ауыстыру басты қағидаттарға сай келмейді. Жаңа мен айтып өткен мемлекеттік тілдегі істердің үлесі мәселенің салдары болып табылады, ал себебі басқада. Бұл бағытта барлық органдар, соның ішінде прокуратура және басқа да қылмыстық қудалау органдары.бірлесіп жұмыс істеуі керек, – деді судья Ерхат Қырғызбайұлы.


Фото: Altainews.kz


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив