ШҚО-да 5 жылға созылған тергеу алты адамның ақталып, қамаудан шығарылуымен аяқталды

Жаңалықтар / Қылмыс 5-03-2026, 17:30 1 0

Шығыс Қазақстан облысында алаяқтық және марал шаруашылығы мүлкін жымқыру бойынша бұрын сотталған алты адамға қатысты үкім сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық-процестік заң талаптарының бұзылуына байланысты күшін жойды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей,2025 жылғы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының соты алты адамды Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп таныған. Олардың үшеуі ҚК-тің 188-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы (ірі көлемде алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған ұрлық) бойынша да сотталған.


– 2026 жылғы 2 наурызда Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін жойып, жаңа ақтау үкімін шығарды. Үкімнің күшін жоюға қылмыстық қудалау органы тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау, ЕРДР-де рапортты тіркеу және тергеуді тоқтату туралы қаулыларды заңсыз жою кезінде жіберілген елеулі процессуалдық бұзушылықтар негіз болды», – делінген хабарламада.


Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылар алдын ала сөз байласып, топ құрамында әрекет ете отырып, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Малеев ауылдық округі Путинцево ауылындағы марал шаруашылығы мүлкін иемденіп, 80 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Бұдан бөлек, олардың үшеуі шаруашылық аумағынан арнайы техниканы (екі трактор мен тіркеме) және салынып жатқан үш туристік үйді ұрлап, жалпы сомасы 6,3 млн теңге залал келтірген.


Сот барлық сотталғандарға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, олардың біріне жазаны өтеу кейінге қалдырылған.


– Қылмыстық іс қозғалған жәбірленушінің арыздары 2019 жылғы 2 қазанда жасалған мүліктік кешенді сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелердің орындалмауына байланысты берілген, яғни азаматтық-құқықтық мәміленің орындалмауына негізделген. ҚПК-тің 179-бабы, 1-бөлігі, 2-тармағына сәйкес, жазбаша нысанда жасалып, сотпен жарамсыз деп танылмаған азаматтық-құқықтық мәмілелердің орындалмауына қатысты арыздар мен хабарламалар қылмыстық тіркеуге жатпайды. Бас прокурордың 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығымен бекітілген ережелерде де осындай талап көзделген, – деп атап өтілді сот барысында.


Сот материалдарына сәйкес, тергеу басталған сәттен бастап, бүгінге дейін сатып алу-сату шарты сотпен жарамсыз, жалған немесе жасанды деп танылмаған. Соған қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңда көзделген негіздер мен шарттарсыз басталған.


Сонымен қатар, жәбірленуші тергеу барысында аталған шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінгенімен, сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.


– Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңсыз басталуы барлық тергеу әрекеттерінің жарамсыз болуына алып келді. Яғни, іс бойынша жүргізілген барлық тергеу әрекеттері жарамсыз деп танылып, қабылданған процессуалдық шешімдер заңсыз, ал алынған дәлелдер жол берілмейтін деп танылды, – деп толықтырды сотта.


Сотқа дейінгі тергеп-тексеру 2020 жылғы қазаннан бастап шамамен бес жылға созылған. Іс сегіз рет қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылғанымен, облыстық прокуратура бұл шешімдерді не бекітпеген, не күшін жойып отырған.


Сот алқасы 2020 жылғы 26 желтоқсан, 2021 жылғы 19 шілде және 2022 жылғы 24 қазандағы тергеуді тоқтату туралы қаулылардың күшін жою заңсыз болғанын анықтады.


Ақталған тұлғалар сот залында қамаудан босатылып, заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты келтірілген зиянды өтеу құқығына ие болды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арызы қараусыз қалдырылды.


Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры мен өңірлік полиция департаменті басшысының атына жеке қаулы шығарылды.


Фото:pixabay.com


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив