Мемлекеттің басты құндылығы – Қазақстанның біртұтас халқы

Жаңалықтар / Қоғам / Саясат 24-02-2026, 14:30 1 0

Өңірлік коалиция мүшелері Өскемендегі «Ана мен бала орталығында» ақ желеңді абзал жандармен кездесіп, жаңа Конституция жобасы мен алдағы 15 наурызға тағайындалған референдум жайында кеңінен түсіндіріп, елдің ертеңі үшін маңызды қадам жасалатын науқанғадәрігерлер қауымын біркісідей қатысуға шақырды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

 Спикерлердің бірі, «Фирма Жасулан» ЖШС директоры, әлеуметтік кәсіпкер Әсел Жақыпбаева бастапқыда Ата заңның шамамен қырыққа жуық  бабына ғана өзгерістер енгізу көзделгенімен, алайда, жұмыс барысында өзгертулер көлемі әлдеқайда ауқымды болып, жаңа Конституция жобасы 84%-ға дейін өзгергенін айтады.


– Конституцияның жаңа жобасында ең басты құндылық – Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандығы мүлтіксіз сақталады делінген. Мәселен, өлім жазасы жаңа жобада қарастырылмаған. Қазір бірінші орында адам және адамның дамуы, білімді ұрпақ екені айтылып отыр. Мемлекеттік биліктің басты құндылығы – Қазақстанның біртұтас халқы. Отбасындағы дәстүрлі құндылықтар жайлы да толыққанды жазылған. Конституцияның жаңа жобасы қазіргі дәуір талаптарын ескере отырып әзірленген. Сондықтан барлықтарыңызды 15 наурыз күні өтетін референдумда белсенділік танытып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын, – деді жиын барысында Әсел Аймурзақызы.


 

Өңірлік коалиция мүшесі, "AMANAT" партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Зарина Камасова бұрынғы Конституция мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы берік іргетасы болғанын, ал бүгінгі жаңа Ата заң жобасы оны толықтырып, толыққанды ғимаратқа айналдырғанын атады.


– Жобада «Қазақстан халқы» емес, «Қазақстанның біртұтас халқы» деп жазылғандығы, көпұлтты мемлекетіміздің біртұтас бірлігі мен мызғымас тұтастығын паш етіп тұр. Ата заңда айтылғандай, біз Ұлы даланың ұрпағымыз. Біздің тарихымыз мыңдаған жылдарға созылып жатыр. Сондықтан тарих бізді біріктіріп отыр. Бұған қоса, жобадағы отбасындағы ер мен әйелдің орны, отбасы институты, әділеттілік, жастарға беріліп отырған білім алудағы үлкен мүмкіндіктер, еліміздегі көп жылдар бойы нақты құжат жүзінде шешімін таппаған экология мәселесі көтерілуі біз үшін үлкен маңызға иә. Сондықтай баршаңызды референдумға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырамын. 15 наурызда референдумға дауыс беруге келіңіздер! Өз таңдауларыңызды жасаңыздар!, – деді Зарина Айдарханқызы.


Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, өңірлік коалиция мүшесі, дәрігер Гүлмира Сағидуллина жаңа құжатта діни сеніміне, ұлтына қарамастан, адамның басты құндылық ретінде айқын мәртебе алуы – қоғамда да, дәрігерлердің қызметінде де үлкен жеңіс екенін жеткізді.


– Жаңа жобада діннің мемлекеттен бөлек екендігі көрсетілген. Біздің жұмысымызда дәрігер болғандықтан, дінге қатысты түсініспеушіліктер өте көп кездеседі. Мысалы, дініне, сеніміне байланысты науқасқа қан құюдан бас тартып жатады. Кейбір жас ата-аналар балаға екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартып жатады. Ал біз үшін бірінші кезекте науқастың өмірі, адами құндылықтар әрдайым бірінші тұрады. Сондықтан адам жаңа жобада бірінші орынға шығып отырғаны шынымен де қуантады, – деген Гүлмира Сағидуллина референдум кезінде өркениетті де дамыған Қазақстан үшін дауыс беруге шақырды.


Ал оның үндеуін жиынға қатысқан дәрігер әріптестері бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.


Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив