
Бүгін Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті. Мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақын туыстары әскери бөлімге келіп, әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
– Іс-шараның басты мақсаты – ата-аналарға ұлдарының әскери қызмет атқарып жатқан бөлімін көрсетіп, күнделікті тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру, – деді 27943 әскери бөлімнің командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.
Ашық есік күні аясында қонақтар әскери бөлім командирлерімен кездесіп, еркін форматта әңгіме құрды. Кездесу барысында ата-аналарды толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, әскери қызметтің ерекшеліктері түсіндірілді.
– Баласы үшін алаңдамайтын, уайымдамайтын ата-ана жоқ шығар. Сондықтан осы ашық есік күнін пайдаланып, баламыздың әр күні қалай өтетінін көру – біздің жүрегімізге сенімділік ұялатып отыр. Бүгін командирлер барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді, – деп атап өтті ашық есік күніне қатысқан Ләззат Бақытбекова.
Сонымен қатар ата-аналар сарбаздардың тұратын казармасын, асханасын аралап көріп, әскери қызметшілердің күн тәртібі, тамақтануы, киім-кешекпен және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу жағдайымен танысты. Сарбаздардың бір күні қалай өтетіні көрсетіліп, қызмет барысындағы тәртіп пен талаптар туралы келушілерге толық ақпарат берілді.
Айта кетейік, мұндай ашық есік күні бүгін еліміздегі барлық әскери бөлімдерде өткізілді.
Сонымен қатар, әскери бөлімдерде "Аналардың жүрегі" атты сарбаз аналары комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне тұрақты толық қолжетімділік берілген.
Аналар тобы әскери бөлімдердегі сарбаздардың қызмет ету жағдайын үнемі тексеріп, ол жердегі жағдай туралы Қарулы күштердің басшылығы мен ата-аналарға ұдайы ақпарат беріп тұрады.
Мұндай ашық форматтағы іс-шаралар ата-аналар мен әскери бөлім арасындағы сенімді нығайтып, Қарулы күштердегі қызметтің ашық әрі жүйелі түрде ұйымдастырылғанын көрсетуге бағытталған.
Фото: 27943 әскери бөлім баспасөз қызметі