Димаш Құдайберген қасиетті Рамазан айында әлем халқына маңызды бейнеүндеу жариялады

Жаңалықтар / Қоғам 21-02-2026, 13:00 2 0

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) жаһандық ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген қасиетті Рамазан айында әлем халқына маңызды бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші қасиетті Рамазан айында қақтығыстар мен табиғи апаттардың салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсетуге шақырды.


– Рамазан айында бәріміз үйдің жылуын – қауіпсіздік, тыныштық пен өзімізге тиесілі мекенді аңсаймыз. Алайда, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған отбасы үшін “үй” – қайта оралатын орын емес. Олардың баспанасы қақтығыстар мен табиғи апаттар салдарынан қирады. Бір кездері қорған болған қабырғалармен бірге ыстық естеліктері де бытырап кетті. Осы Рамазан айында біз бұл отбасыларға өмірді қайта бастауға көмектесе аламыз. Сіздердің зекет немесе садақа ретінде берген қайырымдылықтарыңыз баспана, қауіпсіздік және әрбір отбасы аңсайтын – қайта оралатын үй сыйлауға жәрдемдесе алады. Қолдарыңыздан келгенше қайырымдылық жасауға шақырамын, – деді Димаш Құдайберген.


31 жастағы Қазақстанның халық әртісі барша адамзатты өзімен және ХКҰ-мен бірге осы Рамазан айында мұқтаж отбасыларға үміт сыйлауға үндеді.


Айта кетейік, 2025 жылғы 8 желтоқсанда Женева қаласында БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымы кеңесінің жыл сайынғы сессиясы өтті. Осы жиында Димаш Құдайберген ұйымның жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.


 Фото: әншінің парақшасынан 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив