Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар ақпанда өз еріктерімен елге орала алады

Жаңалықтар / Қоғам 21-02-2026, 10:30 2 0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жасап, ақпан айының соңына дейін өз еркімен елге оралуға мүмкіндік бар екенін еске салды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Министрлік мәліметінше, Оңтүстік Корея Республикасында осыған дейін  заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтар 2026 жылдың ақпан айының соңына дейін елден өз еркімен кетсе, оларға айыппұл салынбайды әрі қайта кіруге тыйым қойылмайды. Бағдарлама 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап жүзеге асырылып келеді.


 

– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізу барысында ерікті түрде кету бағдарламасының мерзімін ұзарту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл шаралар құқықтық салдарды жеңілдетуге және өз мәртебесін заңдастыруға ниетті азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлі түрде елден шығарылуға жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетел азаматтарына қолданылмайды, – делінген министрлік таратқан хабарламада.


Бағдарламаға қатысу үшін шетелдік төлқұжат, ерікті түрде кету туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының көші-қон қызметі органдарына ұшу күніне дейін 15-3 күн аралығында берілуі тиіс.


Осылайша, министрлік азаматтарға шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуды қатаң түрде ұсынып отыр. Заңсыз көші-қон, елден шығарылу, айыппұл салу, құқықтардың шектелуі және еңбек қанауына ұшырау қаупін болдырмау үшін тек ресми әрі сенімді арналарды – лицензияланған жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерін, мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыс берушілердің ресми ұсыныстарын пайдалануға шақырады.


Фото: ашық дереккөздер  


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив