
«Қазгидрометтің» ақпараты бойынша 24 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы түнде 25-30, облыстың оңтүстігінде 22 градусқа дейін төмендейді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Бұл күні күндіз 23-28, облыстың оңтүстігінде 20 градус, ал 25 ақпанда түнде 32-37, облыстың оңтүстігінде 25, облыстың солтүстігінде, шығысында 40 градус қатты аязға дейін күрт суытады.
Сондықтан өңірдің ТЖД мамандары азаматтарға елді мекендерден тыс жерлерге барудан бас тартуды ұсынады.
Қатты аязда аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға тырысқан жөн. Бірақ шыққан жағдайда жылы және қалың киініп, автокөлікті күтіп ұзақ тұрмаған дұрыс.
Көлікті аязда жылыту үшін ашық отты пайдалануға болмайды.
– Пештерді жиі жағыңыз, бірақ ұзақтығы 1,5 сағаттан аспайтын болсын. Алайда, шектен тыс қыздырмаңыз. Ұйқыға жатқанша екі сағат бұрын пешті жағуды тоқтатыңыз, отын толығымен жанғанша, қақпақты жаппаңыз. Тұрғын үйді қосымша жылытатын болсаңыз, электр жылытқыштарының өрт жағдайына назар аударыңыз, – дейді құтқарушы мамандар.
Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласу қажет.