
Киелі Ұлан өңірінде спортты өрге сүйреп, жалпы спорттың дамуына бар үлесін қосқан жандардың қатары көп. Солардың қатарында 30 жыл білім саласы мен спорт саласында қажырлы еңбек еткен, спортты жанына серік еткен тұлғалы азамат Қазақстанның САМБО күресінен Құрметті спорт ардагері, «Спортты дамытуға үлес қосқаны үшін» медалінің және «Үздік дене шынықтыру мұғалімі» төс белгісінің иегері Салтанат Советханұлы Пазылов Қарағанды қаласында ардагерлер арасында өткен Азия кубогының күміс жүлдегері атанды.
Салтанат Советханұлы 65 жастың асқарына шықса да, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Спорттан бір сәтке алыстамай ірі жарыстарда төреші болған Салтанат Советханұлының баптаған шәкірттерінің көбі спорттың биік шыңдарын бағындырған майталмандарға айналды. Ол өзінің қызмет барысында оқушылардың спортқа, салауатты өмір салтына деген құштарлығын оятып, аядай ауылдан талай жас чемпиондарды тәрбиелеп шықты.
Қайсар мінезді, спортқа жаны құштар, бар ғұмырын спортқа арнап келе жатқан ардагер ұстазды жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда жеңіс түғырынан көрінуіне сәттілік тілейміз. Білікті бапкердің ел намысын қорғайтын шәкірттері әлі де жеңіс туын желбіретіп, шығатынына сеніммен қараймыз.
Эльмира Советқызы