Ветеринария саласында - 45 жыл

Ауыл шаруашылығы 14-01-2026, 10:30 11 0

Ердің атын еңбек шығарады. Ұлан өңірінен елі үшін қызмет еткен, еңбектің арқасында абырой биігіне көтерілген талай еңбектің ерлері шыққан. Ғасырға аяқ басқан Ұлан ауданының дамуына, өркендеуіне, үлес қосу арқылы абырой тұғырына көтерілген еңбек ардагері, саналы ғұмырын ветеринария саласына арнап келе жатқан жерлесіміз Амангелді Мұқаметқалиұлы Қасенов  70 жастың асқарына шығып отыр.

Амангелді Мұқаметқалиұлы  1956 жылғы 15 қаңтарда  Ұлан ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Тарғын ауылындағы Ізғұтты Айтықов атындағы орта мектепті бітірген. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң,  Шығыс Қазақстан облысы совхоз техникумында ветеринария мамандығы бойынша білім алды.

Ұлан ауданы Никитинка совхозында техник-осеменатор болып еңбек етіп,  мал шаруашылығының бірінші санатты шебері атағы берілді.

Өз ісіне адал маман  ветеринарлық дәрігер – лицензиат, Бозанбай ветеринариялық пунктінде меңгеруші қызметін атқарды. 2019 жылы еңбегінің зейнетін көріп, зейнеткерлікке шықса  да,  қызметін жалғастырып, абыройлы еңбек етуде.

Кіндік қаны тамған бақытты балалық шағының балбесігіне айналған туған жерінде табан аудармай 45 жыл бойы еселі еңбек етіп, әріптестеріне үлгі көрсетіп, жас мамандарды тәрбиелеуде. Қай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, сол саланы жетістікке жетелеп кететін жігерлі жұмыстары көптің көзіне түсті. Мал басын сақтау, төл алу жоспарын орындау, мал арасындағы түрлі жұқпалы індеттердің алдын алу сияқты өрісті, игілікті істер жанданды. Осындай еңбектерінің нәтижесімен танылған маманды III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төс белгісімен, «Ветеринарияның Құрметті қызметкері» төс белгісімен марапаттады. Басшылар тарапынан алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары бір төбе.

Өз саласының білгір маманы ретінде облыс көлемінде мал арасында кездесетін жұқпалы аурулардан сауықтыру бағытында малдәрігерлік ұжымдармен бірлесіп, аянбай еңбек етіп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қандай лауазымда болса да қарапайымдылығынан айнымай, барлық ынтасымен өз міндетін қалай да жақсы орындауды ғана ойлады. Кәсібіне адал берілген ол бәз біреулер секілді күйбің тірліктің күйкі мәселелерінен биік тұрып, бойын аулақ ұстады.

Адал еңбекпен табысқа жеткен асқар тау әке еңбектің зейнетін көріп, жұбайы Дариға апай екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді.  Жүректері мейірімге толы ерлі-зайыптылар бес баланың ішінде  Оксана, Светлана, Денисті бауырына басып, қорғаншылыққа алған.  Бүгінде айрандай ұйып, отырған қос бәйтерек сегіз немере, бір шөбере сүйіп, қызығына бөленіп отырған бақытты отбасы. Балаларының жоғары білімдері бар. Мамандықтарына сай әр салада қызмет етіп келеді. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Эльмира СОВЕТҚЫЗЫ

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив