
Ұлан ауданы, Ұлан ауылындағы «Тоғанас» шаруа қожалығының иелері Есенбек пен Жұмабике енді төрт түлікпен қатар кәдімгі Африка құрлығын мекен ететін түйеқұстарды да өсіріп көруге бел буып отыр, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Үш түйеқұстан құралған «отбасы» қыстың қақаған суығына қарамастан аман-есен Ұлан топырағына жеткізілген. Қазір шаруа қожалығының жылы қорасында бір аталық және екі аналық алып құстар жаңа ортаға бейімделуде. Еш уайымдамаса да болғандай.
Ауданға, облысқа аты танымал шаруашылық бұған дейін мал өсіріп, егін шаруашылығымен тұрақты айналып келген болатын. Енді олардың қатарына құс шаруашылығы да қосылып отыр.
Жалпы Ұлан ауданы түйеқұстар үшін таңсық мекен емес. Артқа сәл шегініс жасасақ, бұған дейін ауданның Привольное ауылы аумағындағы «Багратион» шаруа қожалығында да түйеқұстар жерсіндірілген болатын. Ал ұландықтар осыдан 20 жыл бұрын белгілі кәсіпкер азамат Болат Бариев Баяш Өтепов ауылына (Төшкі) алғаш әкеліп, түйеқұс өсіргенін айтады.
Біздің өңір тұрғындары үшін таңсық алып құстар ауданға Қызылорда – Шымкент – Тараз – Өскемен бағыттары бойынша ұзақ жол жүріп келген. Жерлестері ауылдастарының жаңа бастамаларына қолдау көрсетіп, сәттілік тілеуде.