
Биыл елімізде шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 200 мамандандырылған шаруашылық құрылады, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, 19 қаңтарда Үкімет мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасын мақұлдады. Құжатта саланы жүйелі жаңғыртуға, өндіріс көлемін арттыруға және ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге бағытталған нақты шаралар көзделген.
Қазіргі таңда мал шаруашылығы саласында оң өсім байқалады. Соңғы деректерге сәйкес, ірі қара мал саны 8,167 млн басқа, ұсақ қара мал саны 20,551 млн басқа жеткен. Сүт өндірісі 5%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаны құраса, ет өндірісі 2,6%-ға артып, 1,2 млн тоннаға жетті.
Кешенді жоспар аясында жеңілдетілген несиелеу тетіктері енгізіледі. Атап айтқанда, жоғары өнімді мал басын сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді кредит беру, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен қаржыландыру қарастырылған. Бұл мақсатқа 104 млрд теңге бағытталады.
Сонымен қатар жасанды ұрықтандыруды қолдау, эмбриондық көбею зертханасын құру, кадр даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту шаралары қарастырылған. Экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар елдермен ветеринариялық сертификаттар келісіліп, өнім номенклатурасын кеңейту жоспарланып отыр.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ қара мал саны 28 млн басқа дейін өседі деп күтілуде. Ет өндірісі 1,8 млн тоннаға жетіп, экспорт көлемі екі есеге ұлғаяды.
Фото: ашық дереккөз